Тағдыры қыл ұшында
Қарабалық аудандық "Айна" газетінің ұжымы ауыр науқасқа шалдыққан Жұлдыз Арыстанованың мейірімді жандар көмегіне мұқтаж екенін жазады.
"Құрметті жерлестер! Біз қашанда мейірбандық көрсетуден тыс қалмай, басқаның қайғысына ортақтаса білеміз. Біз тағдыры қыл үстінде тұрған жандарға үнемі көмек қолын создық. Қазіргі таңда дәл осындай қиын жағдай қарабалықтық Жұлдыз Арыстанованың басына түсті.
Оған "өткір миелобластоздық лейкоз (қан обыры)" диагнозы қойылды. Ахуалы тым ауыр. Айға жуық уақыт Астанадағы онкологиялық орталықтың жансақтау бөлімінде жатыр. Өз еркімен тамақтана алмайды, оған әл бергіш ерітінді тамыры арқылы жіберілуде. Жұлдыз химия терапиясының екінші курсынан өтті, бірақ ремиссияның (ауру бетінің қайтуы) байқалар түрі жоқ…
Анасы Раиса Ескендірова Жұлдызының қасында болып, бағып-қағу үшін Астанадан пәтер жалдап тұрып жатыр. Жағдайдың ауырлығы соншалық – дәрігерлер қыздың жілік майын ауыстыру мәселесін ойластыруда.
Жұлдыз үшін дереу рәсімделген 1-топ мүгедектігіне берілетін 55 мың теңге жәрдемақы мен анасының зейнетақысынан басқа табыс көзі жоқ. Оларға шұғыл түрде көмек қажет.
Көмек қаржы жинауды Раиса Ескендірова экономист болып жұмыс істеген Қарабалық аудандық ауруханасының ұжымы бастап берді. Ауданның өзге де тұрғындары мұқтаждар жағдайына бейжай қарамайтынына шүбәсіз сенеміз – таразыда адам өмірі тұр. Қаражат жинау "Айна" газетінің редакциясында жүрзігіледі.
Халық банкі картасының нөмірі – 4402 5735 3948 4115
Арыстанова Раиса Ескендірқызының ЖСН-і – 561211400874
Kaspi GOLD картасы – 5169 4931 6170 1936 RAISSA ARESTANOVA", – делінеді "Айна" газеті редакциясы ұжымының хатында.
P.S. Осы жазбаны оқысымен, ақпаратты таратуға атсалысуды жөн санадық. Ондағы ең басты мақсат – мейірім мен рахым айында көптің көмегін ауадай қажетсініп отырған ауыр тағдыр иесіне қамқоршылар табылар деген үкілі үмітке иек арту…
Сурет "Айна" сайтынан алынды