Ең мықты құрал – ақпарат

Соңғы уақытта ел бірлігіне кері әсерін тигізетін оқиғалардың жиілеп кеткені рас. Еліміздің бірқатар аймағында бой көрсеткен мұндай келеңсіздіктердің түпкі себебі діннің атын жамылған теріс пиғылды ағымдардың халықты (әсіресе жастарды) адастырып, лаңкестікке апаратын әрекеттерінен шығатыны шындық. Сондықтан жұрттың діни нанымына көлеңке түсіретін мұндай  жағдайды дер кезінде тезге салып, танымын күшейткен жөн. Осы мақсатта өңірімізге жалпы діни са­уаттылық жайлы кеңінен ақпарат беретін республикалық ақпараттық үгіт-насихат тобының мүшесі, «Незримый фронт» деректі фильмнің режиссёры Руслан Иржанов арнайы келді. Облыстық әкімдікте өткен басқосуға жоғары оқу орындарының оқытушылары, дін және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.1
Руслан Иржанов жастардың діни, конфессияаралық қақтығыстардың тарихы және олардың салдарынан хабардар, өздері сауатты болуы керектігін атап көрсетті. Оның айтуынша, ақпарат майданы адамзат тарихының әр дәуіріне тән. Белгілі бір мақсатқа соғыссыз жету үшін мүдделі топтар ел арасында жалған ақпарат таратады. Мәселен, Жапон халқының тарихында билікке қарсы топтар самурайлар үшін абырой болып есептелетін бұрымдарын кесу туралы император үкім шығарады деген қауесет таратады. Шындыққа жанаспайтын ақпаратқа сенген ең мықты үш мың самурай император ордасының алаңына шығып, өздерін-өздері өлтіріп тынған. Сол сияқты кеңес өкіметі кезінде шетел тыңшылары да таралу жылдамдығын және тұрғындарға әсерін зерттеу мақсатында ел арасына әртүрлі алыпқашпа әңгімелер таратып отырған. Оларды АҚШ-тың арнайы қызмет орталықтарында шығарып, Кеңес Одағына әдейі таратқан. Қазір де ақпарат майданының қарқыны мықты. Мәселен, Американың қорғаныс министрлігінде ақпарат таратумен және әлеуметтік ақпараттық бағдарламаларды енгізумен айналысатын елуден астам арнайы ұйымдар жұмыс жасайды. Қазірдің өзінде ақпарат майданының айла-тәсіліне әбден машықтанған алпауыт мемлекеттерде көп қаражат жұмсалатын мықты идеологиялық жұмыстар жүргізіліп жатқаны анық, – деді Руслан Самарханұлы.
Діни экстремистік ағымдарға қарсы күресте ең күшті құрал – ақпарат. Ол тек фильмдер түсірумен ғана шектелмейді. Ондай ұйымдардың жетегіне еріп кетпеуі үшін адамның санасына әсер ететін электрондық ақпарат құралдарының, телеарналар мен газет-журналдардың ықпалын барынша пайдалану керек, деді жиналғандар.
Басқосу соңында қоғамдық ұйым өкілдері осындай сұхбат алаңы жиі өткізілсе деген тілектерін білдірді.  
 
Шұға ҚОҢҚАБАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓