Күбіге көже ашытып, қарынға май салған
Әлпия Орманшина апамыздың есімі баршамызға жақсы таныс. Саналы ғұмырын өнерге, мәдениет саласына арнаған аяулы ақын апамыз бүгінде құрметті демалыста. Ұрпақ тәрбиелеген әже, отбасының аруанасы. Әлпия апа Амнкелді өңірінің қызы. Бүгінде анасынан көргенін жалғап, қалада тұрса да күбіге көже ашытып, қарынға май салады. Барлық салт дүстүрді сақтап, шаңырағына келген қонағын барынша ізетпен қарсы алады. Барын тосып, дастарқанын жаяды.
– Сол бір жылдары қалаға көшіп келгенімде анамның күбісін ауылға тастап кеткен едім. Қалалық жерде керегі болмас дегенім болар. Сөйтсем аналардың жолын жалғайтын біздер екенбіз ғой. Анам марқұмның күбісінен жаз бойы қымыз, қыс түскенде қара көже үзілмейтін. Оны қыстың қымызы дейтін. Ешқашан күбісін қаңсытпайтын. Бойға қуат беретін, шөліңді қандыратын сусынның пайдасы зор. Мен де көжені үзбей істеймін. Бірақ күбі жоқ болған соң пластикалық ыдыстарға ашытып, көңілім толмай жүретін. Жақында қызым тапсырысқа қайыңнан жасалған күбі істетіп әкеліп беріп қуантты. Сыйымдылығы он литрлік. Ішін қайыңмен ыстап, қара көжемен толтырып қоямын, – дейді Әлпия апа.
Апамыздың қолы берекелі. Сары майды да қарынға салып, қыстық соғымды да қайыңмен ыстап кептіріп алады екен. Дәмі енді ерекше.
– Қазір майды қарынға салу ұмыт болып барады. Дайын құтыларға салып, бар құндылығын да, дәмін де жоямыз. Өзім жылда құрбандық шалғанда қойдың қарнын әдемілеп тазалап, кептіріп, күзде майға толтырамын. Сүрленіп, тұз сіңіп, дәмі тіл үйіреді. Шетінен омыртып алып, жей береміз. Осы бар білгенімді қыздарыма да үйреткенмін, – дейді бізге дәмінен ұсынып.