Мейірім төккен мейірбике

Жалпы, мейірбике қызметі – өте күрделі, жауапкершілігі мол мамандық. Сондықтан, бұл қызметте рухы жоғары, шыдамды, қайырымды, кез келген уақытта көмек беруге әзір тұратын жандар ғана істей алады. Дәл сондай жанның бірі, аудандық аурухананың мейірбикесі – Ақмарал Асанова.Мейірбике Ақмарал Асанова
Бүгінде дәрігердің баға жетпес көмекшісі болып жүрген Ақмарал Асанқызы маңыздылығы ерекше мамандықты өз қалауымен таңдаған. Астана қаласындағы медициналық колледжге оқуға түсті. Ойдағыдай тәмәмдап, алған білімінің нәтижесін көрсетіп, тәжірибе жинақтау үшін бас қаладағы №8 емханада мейірбике болып жұмысқа тұрды. 6 айдан соң 2014 жылдың ақпанында аудандық ауруханаға жұмысқа орналасты. Содан бері науқастарға көмек көрсетуден танған емес.  
-Мейірбике – қазіргі таңда өте қажет мамандықтың бірі. Сондықтан, бұл қызметті өзім таңдадым. Кішкентай кезімнен бастап біреуге көмек беру ұнайтын. Мен үшін біреуді емдеп, оған көмек беру – игі іс. Жұмысым да, ұжымым да жақсы. Бұрыннан істеп келе жатқан тәжірибелі мамандар білмегеніңді үйретіп, түсінбеген  жеріңді түсіндіріп береді. Болашақта осында қаламын деген ойдамын, – дейді аудандық аурухананың мейірбикесі.
Жас маманның айтуынша, оның кезекшілікте қалып, түнде де жұмыс істейтін күндері болады. Яғни, аудан ішіндегі шақыртуларға жедел жәрдеммен бірге барады. Осылайша, сырқат үшін ерекше жан атанып, ақ халатты абзал жан деген атқа ие болып жүр. Оның ендігі мақсаты – алдағы уақытта «Дипломмен-ауылға» бағдарламасының көмегіне жүгініп, біржолғы көтермеақы мен жеңілдетілген несие алып, үй сатып алу. Құжаттары да дайын тұр. Сөйтіп, болашақта осы ауданның денсаулық саласына өз үлесін қосып, осында түпкілікті тұрақтап қалмақ ниетте.
 
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓