Кәсіпкерлікке – студентік кезден
Өткен жылдың көктемінде Еуразиялық Топ cтуденттік ортада жастар кәсіпкерлігінің экожүйесін құру жобасын қолға алған болатын. Жаңа бастама компанияның кәсіпорындары орналасқан еліміздің төрт аймағын қамтыды. Қостанай облысы бойынша кәсіпкерлік бағытқа көшу ниеті мен белсенділігін Рудный индустриялық институты көрсетіп келеді. Бүгінде ССКӨБ оқу орнының студенттері ұсынған бизнес-идеялардың жүзеге асуына жағдай жасап қана қоймай, бірнешесіне қаржылай қолдау көрсетті. Соның ішінде велосипедтерді жалға беру жобасы да бар.
Аталмыш идеяның авторы – «Экономика» мамандығының 3 курс студенті Анастасия Шорникова. Кен алыбы оған 80 велосипед сатып алуға көмектесіп, бірлестіктің нысандары мен білім ордаларына 20 велотұрақ орнатуда.
– Бұрыннан өз кәсібімді ашсам деп армандайтын едім. Алайда қарапайым студент үшін барлығы қолжетімсіз көрінетін. Сол себепті арманымның іске асуына себеп болған ССКӨБ басшысы Береке Мұхаметқалиевке айтар алғысым шексіз. Енді қала тұрғындары велосипед теуіп қана қоймай, салауатты өмір салтын ұстануға жаңа мүмкіндік алғанына қуаныштымын, – дейді Анастасия.
Жас кәсіпкердің айтуынша, жалға берудің құны сағатына 200 теңгеден аспайды. Сондай-ақ велосипедтерді одан да ұзақ мерзімге алуға болады.
Рудный – өнеркәсіптік қала. Сондықтан дені сау ұлт тәрбиелеп қана қоймай, экологиямызды қорғауға оң әсері бар осындай жобалар ауадай қажет. Осы қадамдардың барлығы қала құраушы кәсіпорынның әлеуметтік жауапкершілікті алғы орынға қоятынын тағы бір мәрте дәлелдесе керек. ССКӨБ алдағы уақытта да жаңа форматтағы түлектердің зияткерлік және материалдық дамуына жағдай жасай беретін болады.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ