Өнерлілер мен өрелі істер
Қостанайда мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні аясында «Рухани қазына» форумы өтті. Жиынды облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов жүргізіп отырды. Ерлан Болатұлы өз баяндамасында басқарманың былтырғы жылы атқарған іргелі істерімен бөлісті.

– Өздеріңізге белгілі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыста бірқатар ауқымды шаралар іске асырылды. Соның ішінде мемлекет қайраткері, батыр Шақшақ Жәнібекке ескерткіш орнату, Кейкі Көкембайұлының сүйегін жерлеу рәсімі, Ыбырай Алтынсарин кесенесін жаңғырту, композитор Бақытжан Байқадамовтың 100 жылдығына арналған шаралар, І республикалық домбырашылар байқауы, Қалибек Деріпсалдин әндерін орындаушылардың республикалық байқауы, халықаралық дирижерлер форумын атап өтуге болады, – деді ол.

Форум барысында белгілі ақын Ақылбек Шаяхмет қаладағы Н.Островский атындағы кітапханаға Н.Наушабаевтың есімін беру туралы ұсынысты айтты. Басқарма басшысы бұл ұсынысты хаттамаға енгізіп, облыс әкіміне жеткізуге уәде етті.
Сондай-ақ, жақында «Қазақстанның сакралды географиясы» жобасына енген нысандарды жаңғырту және абаттандыру жұмыстары басталды. Оған 88,5 млн теңге жұмсалуы жоспарланған. Бүгінде киелі орындар тізіміне облыстан 10 жалпыұлттық маңызы бар, 19 жергілікті маңызы бар нысан енгізілді.



Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы басталғалы қостанайлықтар туған жерін түлетуге 2 млрд 674 млн теңге қаржы бағыттаған. Қалталы азаматтар құйған қаражатқа еңселі ескерткіш, сәулетті кесене, саңғырлаған мәдениет үйлері бой көтерді. Олардың қаражатымен ауыл-аймақ абаттандырылып келеді. Солардың бірі – Сергей Блок аталған форумда «Жыл меценаты» атанды. Бұған қоса 12 мәдениет қызметкері Мәдениет және спорт министрлігінің грамотасымен марапатталса, облыс әкімінің грамотасы 10 адамға тапсырылды. Форум соңында облыстық «Рухани қазына» байқауының жеңімпаздары анықталды.
Қасқырбай Қойшыманов
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков