Тілші болғым келеді

Менің бала кезімнен арманым жаңалықтың жаршысындай көрінетін, қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғайтын журналист болу. Аса дарынды қаламгер Шерхан Мұртаза "Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ" деп босқа айтпаған ғой. 
Тілші
Мен әрқашан теледидардан қызықты бағдарламаларды тамашалап,  сол кісілердің орнында болсам қалай жүргізер едім, қандай ерекшелік енгізер едім деп өзіме жиі сұрақ қоятынмын. Газет-журналдарды ақтарып қызықты ақпараттармен танысып, өзімді сол кісілердің арасынан көргім келетін. Кейіннен мен де басылым беттеріне  өзімнің туындыларымды жаза бастадым. Ең алғаш рет мақаламды 8-сыныпта жаздым. Мектебімізде Ұлы Жеңістің 67 жылдығына орай ардагер аталарымызбен тағылымы зор сыр-сұхбат ұйымдастырылды. Өнегелі сұхбат туралы аудандық "Аманкелді арайы" газетіне "Ерлік бізді жеңіске жетелейді" деген тақырыпта мақала жазып редакцияға өз қолыммен апардым. Көп ұзамай газет бетіне менің мақалам басылып шықты. Кейіннен  аудандық басылымға әр түрлі тақырыптарда жазылған мақалаларым бірінен соң бірі жарыққа шыға бастады. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе және журналистика мамандығын таңдауыма себепші болды.  "Ұстаз мектептің жүрегі",  "Мектеп – кеме, білім – теңіз" деген атпен "Жастар. Kz" қосымшасында туындыларым жарыққа шығып, ел назарына ұсынылды. Қазіргі таңда менің басты мақсатым қаламы қарымды журналист аға-апаларымыздың жолын қуып, елімнің өркендеуіне өз үлесімді қосатын маман болу. Журналист мамандығы мен үшін ең қызықты мамандық.
 
Жансая МҰХАНБЕТҚАЛИЕВА,
"Қостанай таңы" газетінің жас тілшісі.
Аманкелді ауданы.

 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓