НАУЫРЗЫМҒА КӨМЕК КЕРЕК
Алдағы қыс науырызымдықтарға ауыр тиейін деп тұр. Биылғы көктем салқын болып, шөп көтерілмей қалды. Қылтиып шыққан шөптің өзін жаңбырсыз жаздың аптап ыстығы қуырып тастады. Сондықтан тұрмысы төрт түлікке тәуелді аудан жұртшылығы алаңдаулы. Жер төсін тырнап дән еккен диханның да көңілі күпті. Егіні күйіп барады. Әрі кеткенде гектарына 2-3 центнерден ғана өнім беретін түрі бар, болмаса ол да жоқ. Бұл өңірде қарызы жоқ шаруа аз. Дені банктің қамытын киген. Күзгі жиын-теріннен де үміт аз. Талай құқайды көрген көнбіс жұрт бұл қуаңшылықты да мойымай еңсерер еді. Бірақ бұрын соңды болмаған алапат өрт елді тіпті есеңгіретіп жіберді. Өшірген сайын өршіп, биіктігі 6 метрге дейін көтерілген қызыл дүлей 192 мың гектар алқапты алып жатқан Науырзым қорығының айналасындағы шабындық біткенді түгелдей жалмап, жоқ қылды. Жергілікті жұрттың айтуынша, қызыл жалын Өлеңді, Шолаққопа маңынан басталып, бір жағы Аманкелді ауданының шекарасына, бір жағы Қайғыдағы Қарасуға барып тірелген. Абырой болғанда, аудан халқы күн-түн ұйықтамай жабылып жүріп, қорықтың орманды алқабын аман алып қалды.
Қорықтың айналасын тып-тықыр еткен қызыл жалын толық сөнді ме? Өрт неден шықты? Кім кінәлі? Дүлей өрт нақты қаншалықты аумақты шарпыды? Тілсіз жаудан келген зиян мөлшері қанша? Осы сауалдарды арқалап ауданға арнайы барып, өртке қарсы күрестің басы-қасында болған азаматтармен әңгімелесіп қайттық.

Осы өрт болмай тұрып, мен Науырзым өңірінде шөп тапшылығы болады деп ойлаған жоқпын. Өйткені қорықтың айналасында шөбі шүйгін, оты қалың «Тыныштық аймағы» деген болады. Ол жердің шөбін шілдеге дейін шабуға болмайды. Шілденің басынан біз осы жерлерді жеке шаруа қожалықтарына бөліп бергенбіз. Сол жерлердің бәрі жанып кетіп отыр ғой.

Дулат Қойлыбаев, Науырзым қорығының директоры: Науырзым қорығының ұжымы шілденің 17-сінен бастап бүгінге дейін, яғни 10 күн бойы дала өртімен арпалысып жатыр. Бұлардың барлығы жеке-жеке өрттер. 17-сі күні Шұқыр жақтан шыққан өрт қорықтың аумағына кіріп кетті. Біз барлық техникамызды жіберіп, дер кезінде өшірдік. Келесі күні сол маңайдан тағы өрт шықты. Ол желдің бағытымен Жаркөл жаққа кетті. Оны да тойтарып, кешкілік адамдар мен техниканы ауылға жебіріп жатыр едік, 60-70 шақырым қашықтықтағы Тірсектен өрт шықты деген хабар жетті. Содан бірден тірсекке аттандық. Оны да сөндірлдік-ау дегенде, 21 күні дауыл көтеріліп, өртті одан әрмен өршітіп жіберді. Бұл өрт қорық аумағына кіріп, Сыпсыңнан өтіп кетті. Содан бері не күлкі, не ұйқы жоқ, өрт сөндіріп жүрміз. Сыпсыңның ағашын аздап өрт шалды. Бірақ негізгі орманды сақтап қалдық. Әупірімдеп жүріп Тірсектегі орманды, Бетағашты аман алып қалдық. Қазір қорықтың барлық аумағын қатаң бақылауда ұстап отырмыз. Бүкіл техникамыз Тірсекте, Жаркөлде, Шұрықта, Сулы, Сыпсыңда өрт күзетінде тұр. Өзім сол жақта түнеп жүрмін. Орынбасарларым осында. Аудан әкімдігінен ауыр техника сұрап жатырмын. Өзімізде бары – 1 К-700, 4-5 трактор ғана. Ол не болады? Өрт қорыққа үш жақтан кіріп кетті. Оның аумағын дәл қазір тап басып айта алмаймын.


Бақытжан Мұтақов, жергілікті кәсіпкер: Өте қиын жағдай болып тұр. Осы он шақты күн көлемі – жағалай өрт. Бүкіл шабындық кетті. Бұл жақта халық тек малмен күнелтіп отыр. Басқа күнкөріс көзі жоқ. Ауыр тиейін деп отыр. Жылдың өзі жайсыз басталды. Шөп шықпай қалды. Егін сарғайып кетіп жатыр. Енді алдағы бір жетінің көлемінде жаңбыр жаумаса, онда ештеңе күтуге болмайды. Шолақсайда, Буревестниктің ар жақ басында, науырзымның кейбір жерлерінде жолақ-жолақ жүріп өткен жаңбыр бар. Олар жақсы. Қалғаны күйіп бара жатыр. Енді биыл халық шөпсіз қаңғып қалайын деп тұр. Уақытында мұндай қиыншылық болған. Жағалай өрт болып, шөпсіз қалған бір жылдары облыстық әкімдік арқылы комитетке шығып, қорықтың ішінен жер алып, шөп қамдап алғанбыз. Бұл мәселені биыл да көтеру керек шығар деп ойлаймын. Биыл қылтиған қорда да, былтырдан қалған қурай да шөп болайын деп тұр. Ол қыстыгүні бәрібір малға қорек болады. егін болмайтын болса, шөп болмайтын болса, қара халық қалай күн көреді? Соны ойластыру керек.
Өрт болған күні мен осында болдым. Желдің жылдамдығы секундына 60 шақырымның сыртына шығып кетті ғой деймін. Шапқан шөбімізді енді тасиық деп жатқанда, әп-сәтте бәрі өртке оранды. Техникамыздың өзін әзер алып шықтық. Бәріміз қорықтың жан-жағын жыртып, ағаштың амандығын, соған өрт жібермеу жағын ойластырдық. Өйткені өртенген ағаштың орынын толтыру қиын. Науырзымның қарағайы әлемде сирек кездеседі. Бұл қарағайлар осы елдің мақтанышы. Біздің қолымыздан келгені майлы қарағайлы ағашты сақтап қалу болды. Аңыздағы Асан атаның асасын барып тіреген жері – Қайғының қалың шөбі де жанып кетті деп естідім. Өрт болған кезде желдің күші екі есе күшейіп кетеді. Ыстық ауа мен салқан ауа қосылғанда құйын пайда болып, өрттің қарқыны үдейді. Көмек керек қазір халыққа. Ертең малынан айырылса, бұл жақта қалудың да мәні болмайды. Көпшілігі қазір «Сыбаға» арқылы мал алды. Бір малды алып шығу үшін құрығанда бір жарым-үш тоннадай шөп керек. Ал ол шөптің құны биыл өте қымбатқа шығайын деп отыр. Өртке дейін салмағы 20 келіге жетер-жетпес бір түк шөптің құны 500 теңге еді. Халықтың көбі жылқы малын ұстап отыр. жылқыны біз қолға ұстамаймыз. Қыстай далада тебінде жүреді. Енді айналаның бәрі өртеніп кетті. Жылқы қай жерде тебеді? Тебіндік жоқ қазір, өртеніп кетті. Өрттен кейін жердің бәрін құм басып кетті. Шөп тамырына дейін күйіп кеткеннен кейін, құм да көшіп кетті. Бұрынғы жолдардың бәрі жабылып қалды қазір. Бұрын-соңды мен көрген жоқпын мұндай өртті.

Мақала жарияланбас бұрын Науырзым қорығының директоры Дулат Қойлыбаевқа қоңырау шалдық. Бас қорықшының айтуынша, өрт толығымен сөндірілді. Тілсіз жаудан келген зиян мөлшері алдағы уақытта анықталады.