Торғай әуендері әуеледі
Өткен жұмада облыстық балалар шығармашылық үйінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздікке тағзым» атты Торғай таланттарының концерті өтті. Айтулы кеште торғайлық композиторлардың жалпақ жұртқа танымал әндері шырқалды.
Жиылған жұрт көрермен залын лық толтырды. Ине шаншар орын болған жоқ. Осы шараның өтетінін естіп алыс-жақын елді мекендерден келген қонақтар көп. Мұндай ақысыз ән кеші елге танымал азамат Тұрған Талғабиевтің идеясы бойынша Ырысты Ерденқызының ұйымдастыруымен жүзеге асты. Мақсат – қарт Торғай төсінен ұшып, күллі қазақтың ән-көгінде қалықтап жүрген ретро туындылармен жұртшылықты сусындату. Кеш сол мақсаттың үдесінен шықты да. Әйгілі Болат Хамзин, Бақытжан Байқадамовтың, олардың ізін жалғап жүрген Бақытжан Сәуекеновтің, Қалибек Деріпсалдин мен Алтай Сейітқасымов сынды көптеген дарынды сазгерлердің танымал әндері шырқалды.
Орындаушылар да сол Торғай топырағының белді әнші-жыршылары, жас жарын, өрімдей өнерпаздар. Қара орман қауым сағындырған әуендерді қосыла шырқады, қошеметтерін аямай соқты.
Облыс орталығында тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл концерттің жоғарғы деңгейде өтуіне атсалысқандар да аз емес. Алтынсарин ауданының әкімі Батырбек Ахметов материалдық көмек көрсетсе, Балалар шығармашылық үйінің ұжымы концерт залын тегін берген.
«Қостанай таңы» газеті мен "Қазақстан-Қостанай" телеарнасының бұл ән кешіне ақпараттық демеуші болғанын да айта кету керек. «Торғай таланттары» енді аудандарды араламақшы.
Ж.Жүсіпбек
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков