2-айналымның 1-жұбы (ЖАҢАРТЫЛДЫ)
Облыстық мәдениет басқармасы мен облыстық "Қостанай таңы" газетінің бірлескен жобасы – "Ел мерейі – Елорда" жазба айтысының 2-айналымы басталды. 4 айға ұласқан сөз тартысының бастапқы кезеңінде өңірдің әр түкпірінен 16 ақын өнер көрсеткен еді. Әділ қазылар айтыскерлердің 10 үздігін іріктеп алды. Оза шапқан озаттар қайта жұпталып, өлең бәсекесіне қайтадан түскелі отыр. Олай болса, екінші кезеңнің алғашқы жұбына зер салайық. Олар – торғайлық тарлан Байбатыр Ахметбеков пен арқалықтық өрен Еркінғазы Айтбаев.
Байбатыр:
"Бейбіт күннің бақыт құсын ұшырғандар,
Жиреніп жамандықты ысырғандар,
Қасиетті айында Рамазанның,
Отыз күн ораза ұстап, ысылғандар.
Әр күн сайын ғибадат қып Жаратқанға,
Өмірдің тәтті дәмін тұщынғандар.
Жер бетінде жасасын –тілегім сол –
Ханифа масхабынан шошынбаңдар.
Аллаға тәубе қылып, садақаны
Жетім мен жесірлерге ұсынғандар.
Исі жұпар Ислам діні барда,
Басқа қонған бақытты ұшырмаңдар.
Жаратушы құлдың халін кемсітпейді,
Сыйынып, табынуға қымсынбаңдар.
Пайғамбардың үмбеті – мына біздер,
Еш нәрседен тарығып, қысылмаңдар.
Ассалаумағалейкум, о баракату,
Діні берік, түбі түркі мұсылмандар.
Астана – сұлу шаһар жер бетінде,
Ешбір қала тең келмес келбетіне.
Дәл бүгін тілге ерік бергенен соң,
Ал ендеше жырлайын тербетіле.
Алматыдан енші алған сұлу қала,
Жарады мейман келіп төрлетуге.
Есілдің жағасынан бой көтеріп,
Аққу-қаз қайта қонды көл бетіне.
Алып шаһар атанып 20 жылда,
Қоныстанды жайғасып ел бекіне.
Пирамида, Ханшатыр, Бәйтерегі,
Ерекше сән беріп тұр өң-бетіне.
Жас та болса танылған бар әлемге,
Астанаға тілекті сен де тіле.
Тәуелсізбін өзгеге жүк артпаған,
Сондықтан мен бүгін бір сыр ақтарам.
Жетпіс жыл бодан болып жүрсек дағы,
Қазақпыз намыс туын құлатпаған.
Біреудің несібесін бұйымтайлап
Алатын екі жүзді ұнатпағам.
26 жыл тарихы бар Тәуелсіздік,
Биіктерге жасады бірақ қадам.
Әлемдік деңгейге де көтеріліп,
Сүрінбей өтті, сірә, сынақтардан.
Қазақпыз рухы биік қашаннан да,
Елімнің еркіндігі қымбат маған.
Пейілі кең қазақпыз нар тұлғалы,
Жетім мен жесірлерін жылатпаған.
Жоқ еді өзіңменен сөз таласым,
Айырықша өзгермейді көзқарасым.
Рухани жаңғыру ұран болды,
Еркінғазы, сөз түсінер бозбаласың.
Сатқаннан қалған байлық түгесіліп,
Жер-ана жетімсіреп боздамасын.
Қоғамның кемшін тұсын айта отыр,
Ағайын бере жатар өз бағасын.
Еркінғазы:
Бұл айтыс басталған ед Астанадан,
Болмайын енді айтыстан қашқан адам.
Қасиетті Рамазан айы жетті,
Құр қалмайық сауапты бастамадан.
Сондықтан ниет ет те, ораза тұт,
1 күнге өлмейді ғой аштан адам.
Жамағат боп жиналған Алла үйі –
Нұрланып, нұрлы жүзін шашқан алаң.
1 айға толып тұрған берекеде,
Ағайын, жатыр қанша басқада мəн.
Толассыз ниет етіп 4 аптада,
Жүрегін жамандықпен ластамаған.
30 күн – кешірімнің айы емес пе,
Жан болмас бұл сөзімді қостамаған.
Не жетсін осы күнде оразаңды,
Ағайын-туыспенен ашқан аман.
Ассалаумағалейкум, мұсылмандар,
Қолдарынан құманын тастамаған.
Сұлулықтың символын құлатпаған,
Астанам, гүл қаласың, құр отпаған.
Енші алып Алматыдай асқақ төрден,
Ерке Есілдің бойында тұрақтаған.
Қыз бейнелі көрікті сұлу шаһар,
Мен өзіңе жырыммен сыр ақтарам.
Сүйген қалам сен едің, сүйікті ордам,
Барған сайын өзіңе гүл ап барам.
Біле білсең, мен сені сағынғандай,
Ғашықтар да сағынбас жырақтаған.
Астанам, дәл өзіңді сүйгенімдей,
Ешқашан ешбір қызды ұнатпағам.
Сөйлейсіз, ақын ағам, ұлылардай,
Сабырлы болып жүрген күні барма-ай.
"Айтысты бастайық" деп қайта-қайта,
Хабарлама жазады дымы қалмай.
Сіз секілді бос жүрген ұл емеспін,
Бауырыңды сөкпеші біліп алмай.
Студенттің өмірі белгілі ғой,
Бірі болмай қалады, бірі барда-ай.
Шəй құйып, киім жинар əйелім жоқ,
Уақытымды үнемдеп, сыр ұғардай.
"Қоғамның кемшіл тұсын айт" дедіңіз,
Кемшіліктің бітетін түрі бардай.
Сіз өзі əлеуметтік желілерде,
Інілерді сөгесіз іліп алмай.
Бір кемшін тұсымызды көріп қалып,
Сынап-сынап тастайтынқұны бардай.
Қоғамның да кемшін тұсын өзіңнен көп
Білетін басқалардың бірі барма-ай.
Ал, ендеше, өзіңіз паш етіңіз,
Жылап-жылап алайық, күліп алмай.
Əлде ініңді тығырыққа тіреймін деп,
Айласын асыратын түрі барма-ай.
Қалқаныңды сайлаған дұрыс болар,
Қылыштың өткірлігін біліп алмай.
Байбатыр:
Астанаға арна дедім тілегіңді,
Неге сонша мұң шалды жүрегіңді?
Долы қыздай шап беріп сен ағаңа,
Өзгертіп жібердің ғой іреңіңді.
Жарытып сен ештеңе айтпадың-ау,
Құр босқа түрдің бе екен білегіңді.
Балалық мінезіңде шалалық бар,
Құм қылып жасыттың-ау жігеріңді.
Кеңестік дәуір бізге қайта келсе,
Айтпай-ақ жырлар едің Кремльді.
Бермеді деп ағамыз маған тыным,
Бастадың-ау өзің кеп жаман ырым.
Сөз бастаудан қорықсаң, Еркінғазы,
Несіне ақын болып жаратылдың?
Хабарлама жазды деп ренжиді,
Сәл қатайтып өзінше бала түрін.
“Сіз секілді бос жүрген жоқпын” дейді,
Біресе аш, біресе тоқпын дейді.
Студенттік өмірін алға тартып,
Мендегі қызу, қызыл шоқты үрлейді.
“Шәй құйып, киім жинар жарым жоқ” деп,
Өз-өзін мынау інім көп күндейді.
Әйел алсаң біреу саған қой деді ме?
Болмаса, атан өгіз сой деді ме?
Ар жағында сөзің өтпей аруларға,
Малшынып жүрсің, сірә, бой теріңе.
Өзіңдегі кемшілікті бізден іздеп,
Сасқан үйрек секілді жүзгенің бе?
Бар қызықтан қалатын түрің бар ғой,
Осылай қалғып-шұлғып жүргеніңде.
Түлкібұлаң заманда тым болмаса,
Түнемелік төбеттей үрмедің бе?
Ақиқат айта алмаса еріме сын,
Еркінғазы, тартпай жатып керілесің.
Сен өзі айтысқа емес, ұрысысуға
Берекесі бар адамдай көрінесің.
Қоғамдағы жағдайды ысыра сап,
Қара бастың қамын айтып егілесің.
Неше рет сені сынға алып едім,
Төзетін түрің жоқ-ау ебіме шын.
Үйіңде жатып алып аласұрып,
Қытығы бар қулықтай тебінесің.
Байқалмайды қылыштай өткірлігің,
Әлеуметтік желіде жоқ тірлігім.
"Қалқаныңды сайла" деп кеңес бердің,
Тіреп өзің тұрғандай көкті бүгін.
Өр кеудемді өзіңе тосар болсам,
Төбесі де көрінбес шоқтығыңның.
Қоғамда кемшілік көп таспаланған,
Мұны түзеу басталсын қасқалардан.
Сонда ғана ана тіл теңдік алып,
Биік тұрар орыс пен басқалардан.
Діннің жайын айтармын тіл жеткенше,
Сондықтан мен ешкімнен жасқа алман.
Жат ағымның жетегінде жүрген жандар,
Қор болып жанарларын жасқа малған.
"Шаһит болам" деп жүрген ұлдарымыз,
Бой тасалап шықпайды тас қамалдан.
Тәнін сатқан қыздарың арланбайды,
Керісінше, масайрайды масқарадан.
Барар жері – түнгі клуб, сырахана,
Көрініс көп бір-бірін бопсалаған.
Осы дерттен айығар ем бар ма екен?
Ал, ендеше, сұрайын жас баладан.
Бойыңа жимапсың-ау ірілікті,
Бұл інім арзан ойға үңіліпті.
Өз-өзін жариялап, пияр жасап,
Жаңбыр жаумай етегі бүлініпті.
"Алаштың баласы" деп айдар тағып,
Абайсыз қалтарыста сүрініпті.
Еркінғазы Айтбаев атой салып,
Жалғандықтың жағымсыз сырын ұқты.
Саяттай боламын деп сарай ақын,
Серттесіп өз алдына ырым қыпты.
Тектілікті үйренсең Балтасардан,
Еріксіз баурап алар жырың жұртты.
Төркінін танымаған қыздай болып,
Арзандап бара жатыр құның тіпті.
Жетегіме еретін түрің жоқ қой,
Сәл босатсам қолдағы мұрындықты.
Еркінғазы Айтбаев:
Бұл ағам жақсылыққа баламайды,
Сын айтып, жүрегімді жаралайды.
Сыннан көз ашпай келем, біле білсең,
Барлығы дəл өзіңдей қаралайды.
Пияр деп ойласаңыз өз еркіңіз,
Жақсы хабар дəл олай тарамайды.
Жалған хабар таратып, қастық қылған,
Ондайларды Алла өзі жазалайды.
Саяттай саят құрып жүр дедіңіз,
Үлгі қып алар десем дара Абайды.
Əркімнің өз биігі болмайды ма,
Ініңіз дайын асты жаламайды.
Жаза берем, əлі де жаза берем,
Жақсы өлеңім жол тауып аралайды.
Жақсысын ала жатар ішіндегі,
Əр адам бағалайды, саралайды.
Қоғамның кемшін тұсын тізбектейді,
Өзінің кемшін тұсын қарамайды.
Өсем деген ініңнің бетін қағып,
Аяғынан тартқаның жарамайды.
Қайта, қолдап-қорғай ма деп отырсам,
Жұрт көзінше інісін табалайды.
Өзім арқа сүйейтін ағаларай,
Бауырларын бауыр деп санамайды.
Сын айтудан алдына жан салмайды,
Сұрасаң, айтар ақыл таба алмайды.
Не өздері еш жерден көрінбейді,
Не өзгенің шыққанын қаламайды.
Малшынып дейсің бе, аға, терлейді ғой,
Дегендей қызға ыңғайы келмейді ғой.
Түнемелік төбеттей деп қояды,
Төбетте ас бермесең ермейді ғой.
Оған қоса,қарапайым студентпін,
Соны айтсам, біраз адам сенбейді ғой.
Мен ертең-ақ үйленіп кетер едім,
Маған əзір кредит бермейді ғой.
Мұңайам, санамды уайым бөлегенде,
Сол мұңды жазар болсаң, бөлек емде.
"Қызға сөзің өтпей жүр" дедіңіз ғой,
Бұйырған бір қыз болар жеребемде.
Ерте үйленіп қайтемін, айтшы, аға,
Үйленермін ел жұртым елегенде.
Əйтпесе қазір ерте отау құрып,
Сыйыспай жатыр жастар енемен де.
Балалықпен қосылған ақылсыздар,
Шалалықпен шу қылар керегеңде.
Көк жəшіктен бай іздер қазақ қызын,
Көргенде нең қалды уайым жемегенде?
Қоғамның кемшін тұсы осы емес пе,
Оны ойласаң, қашады делебең де.
"Қалаулымда" шарқ ұрып жүрген жоқ па,
Қыз Жібегі сөз салып Төлегенге.
Ал осының айтайын бастамасын,
Сөзімді ағам жерге тастамасын.
Бұл қоғамда үй-күйсіз жүргендер көп,
Əлі күнге ала алмай баспанасын.
Жұмысбасты боп кетті ата-аналар,
Деп "балам елден кейін, аш қалмасын".
Балаға қарайтын да уақыты жоқ,
Хабарласып желімен басқарасың.
Əкелері үйге келсе футбол қарап,
Жас аналар жөндейді асханасын.
Содан кейін уақытын сəнге арнап,
Бетіңе батпан бояу маска аласың.
Телефонның ішіне кіріп кеткен,
Балаға сөз айтудан жасқанасың.
Ата-анадан тəрбие алмай өскен,
Бұл жастардан табасың басқа да сын.
Үлкеннің бетінен ап, сөз бермейді,
Кішінің шығарады масқарасын.
Барлығы осындайдан басталады,
Бұлармен сөз талассаң, аш қаласың.
Дейтұғын "жұртты сыйлап өс, қарағым",
Баланың мұқалтпаған еш талабын,
Қыздарын ибалы қып бой жеткізіп,
Ер жеткенше ұлға шытпай еш қабағын,
Тəрбиесін беретін тал бесіктен,
Ертеңін бүгін ойлап бес баланың,
Балаларын дəретсіз емізбеген,
Кешегі аналарды еске аламын.
Ініңіз ақ көңілін көл еткенде,
Ағажан, басқаны айтып бөлектенбе.
Одан да Торғайымды жырға бөле,
Не табасың ініңді жер еткенде?
Мен жақында Торғайға барған едім,
Жол шұңқыры тереңдеу шелектен де.
Жол азабын көп кешкен жерлестерің,
Ақын деп үміт күтер сен өткенде.
Елдің мұңын айтатын сіз емес пе,
Жұртыңды аш қып, құр өзің қоректенбе.
Жұрт айтқан батыр ақын едіңіз ғой,
Сөйлеңіз елің сеніп, ер еткенде.
Əй, бірақ қабаған боп көрінбей ме,
Үй жанында байлаулы төбеттер де.
Байбатыр:
Бала едің, жоқ емес нақ талабы.
"Жүректі жараладың" деп айтасың,
Әуелі ажыратпай ақ-қараны.
Ағаңды беттен алған сен емес пе,
Кикілжіңнен құрап ап бастаманы?
Енді келіп "сүттен ақ, судан таза”,
Біздерге итере сап масқараны.
Пиярлығың осыдан белгілі ғой,
Қалайша жазалайын жас баланы?
Абайдай болу арман-тілегі екен,
Кімге ұқасу керектігін біледі екен.
Дайын асқа тік қасық болмаған жөн,
Бұл сөзіңе келісем, ере кетем.
Шыққаныңды қалаймын биігіңе,
Елің үміт күтеді сенен ертең.
Үлкендерге құрметпен қарай білгін,
Жетпесе ақылыңды тереңдетем.
Ізгіліктің жолын білмес сендейлерге,
Әлі де көп іздену керек екен.
Дер кезің осы емес пе айға қонар,
Кеңесіме құлақ түр пайда болар.
Шайнап берген асты да жұта алмадың,
Сүйек-саяқ секілді сайда қалар.
Пешенеңе бұйырсын ақылды әйел,
Ал қалғанын содан соң сайлап алар.
Кредиттің қазақшасы несие ғой,
Сен сөйдесең, ана тіл қайдан оңар.
“Қалаулым” ұран болды, ылаң болды,
Білімсіз ішке кірер жылан болды.
Уайымың күшті екен үдеп тұрған,
Көрсеткен кім болды екен бұған жолды?
Қыз Жібегі сөз салса Төлегенге,
Махаббаттың айналғаны өлерменге.
Сөздеріңнің түсініксіз кейбір жері,
Қолқа салып отырғандай көрерменге.
Алды күні сұрағам қоғам жайлы,
Бүгін түсіп жатсың ба төмен жерге.
Кешегі ана жайлы еске алыпсың,
Ақиқатын қоғамның бетке алып шын.
"Жұртты сыйлап өс, қарағым" деп отырсың,
Өзіңе тиер сөзді текке алыпсың.
Бұрынғының қыздары бұрымды ару,
Ұрпағы солар еді текті алыптың.
Бүгінгі ұрпақ тал бесікті көрмей өскен,
Шабағы секілденіп итбалықтың.
Ол кездегі бала саны он болатын,
Ырыздық несібесі мол болатын.
Дәретсіз емізбеген нәрестесін,
Мейірім аналардың зор болатын.
Торғайдың жолын айтып торығыпсың,
Алыс жолдың қадірін зор ұғыпсың.
Жол шұңқырлы болмаса, сәнсіз болар,
Жүргізуші адамға да мәнсіз болар.
Себебі тегіс жолда қалғып кетсе,
Абайсыз аударылып, жансыз қалар.
Тереңдікті шелекпен теңепсің ғой,
Өлшем бірлік жайында зерексің ғой.
Алда-жалда Торғайға жол салынса,
Есеп-қисап жағына керексің ғой.
Байлаулы ит қабаған боп көрінер деп,
Күмәнділеу оймен бізді елепсің ғой.
Талай жерде айтқанмын мәселе қып,
Ақын едім қозғамас себепсіз ой.
Елім-жұртым тоқ болса, менде тоқпын.
Мен өмірге тойынуға келген жоқпын.
Мұңын айтам елімнің, зары айтам,
Намысты қолдан әлі берген жоқпын.
Дін жайлы айт деп едім, ескермедің,
Сөзімді бастан-аяқ тексермедің.
Бойыңдағы бар кінәні маған жауып,
Бауырыңды кең жазып, дес бермедің.
Ал ендеше айтайын құлақ түргін,
Кім кепіл келмесіне сынақ бір күн.
Бұл дүниенің қамын ойлап жүргендерге,
О дүние бере ме екен жұмақ кілтін?!
Дін Илам – діңгегім,
Мен Алланың құлымын.
Мұхамедтің үметті,
Діндар елдің ұлымын.
Ханифаның мазхабын
Ұстанғанның бірімін.
Исламнан безінген
Дінсіздерден ірімін.
Абайдың жөні бір бөлек,
Мұқағалидың жырымын.
Құраннан алып қуатты,
Ілмеген көздің шырымын.
Құдайын білмес жандардың
Қара бұлт төнген күнімін.
Бұлақтай мөлдір дінімнің
Сүзіп іштім тұнығын.
Пендешілік жат ағым,
Ұнатпаймын қылығын.
Бес парызым мойнымда,
Кесілсе де тұлымым.
Аллаһтан басқа тәңір жоқ,
Шапағаты мол нұрының.
Сәждеге исең басыңды,
Нұрланар шаттық өмірің.
Қайырымды іс жаса,
Намазда болсын көңілің.
Зекет берсең Алла үшін,
Аласың сонда алғысын.
Бойыңда болса намысың,
Ораза ұста шын ұйып,
О дүниенің қамы үшін.
Мәдина мен Меккеде,
Құдіреттің бары шын.
Иланыңыз именбей,
Сауапты болар әрі ісің.
Қажылық қыл ғұмырда,
Жамағаттың бәрі үшін.
Арайланар таңымыз,
Азан менен әр атқан.
Осы айтқан сөзімді,
Әр пенденің бойына,
Нәсіп етсін Жаратқан.
Ағасын Еркінғазы жатсынбасын,
Жақсылықты жырлаудан жақ тынбасын.
Өмірде жолың болып, айналайын,
Осы деп бағалай біл бақтың басын.
Аман болсақ кездесерміз сахнада,
Шытынап сағың сенің нақ сынбасын.
Жасасын Қостанайдың қарт газеті,
Осы жерден тартайын аттын басын.
Еркінғазы:
Ақын ел қажетіне жарау керек,
Шындықтың қабырғасын қалау керек.
"Орысшалап жаздың" деп назын айтты,
Ағамыз елді ойлаған жан-ау, демек.
"Пияр" деп сен де орысша жазыпсың ғой,
Бұны да осал тұсқа балау керек.
Біреуден мін іздемей, кір іздемей,
Ағамыз өз жыртығын жамау керек.
Біреуге ақыл айтпас бұрын адам,
Алдымен өз-өзіне қарау керек.
Ағам едің адалдан жеген асын,
Бұл Еркін мақтамасын неге ағасын?
Бəйге көрсең, тыпыршып тұлпардайын,
Шапқанда төрт тұяқты тең аласың.
Құрметті азаматтың біреуі едің,
Атағың кезіп жүр ғой ел арасын.
Осы күні Торғайдың бас ақыны,
Деген, рас, ағасы, шен аласың.
Бас ақын дегеніме масаттанба,
Сөзіме деп ойлаймын сене аласың.
Торғайда сенен басқа ақын жоқ қой –
Бас ақын болмағанда не боласың?
Кемшілікті айта бердің мұнарланып,
Мен де айтуға отқам жоқ құмарланып.
Қасиетті айында Рамазанның,
Айтпауға тырысып ем мың алданып.
Əйтпесе, діннен безген дінсіздер көп,
Дін мен тілі барады шұбарланып.
Осы айда тілектер қабыл болып,
Кемшіліктер кетпесін сыңарланып.
"Ханифа" деп айтасың қайта-қайта,
Мазхабыңнан отқам жоқ күмəнданып.
Бұйырса, сахнада жолығармыз,
Жұлдызымыз жарқ етіп шығар жанып.
Иншалла, амандықпен қауышайық,
Түзу жолға түсейік Құранды алып.
Ағайын тіл мен дінді қастерлесең,
Төбеңде бақ жұлдызың тұрар жанып.
Айтыс жақсы басталыпты. Байбатыр ақын айтқандай шыныменде қарсыласы айтысқа емес ұрысқа берекесі бар сынайлы
Екінші айналымның жыр додасы да басталды. Торғайлық ақын əдемі сөз сапатасымен ерекшеленіп отыр. Ал қарсыласында сəл кемшілік бар. Қойған сауалдан жалтарып, қарсыласына жағымсыз қылық көрсеткендей. Торғайлық ақын алға.
Торғайлық ақын мықты. Қарсыласы жас бала ау деймін. Айтыс бастасымен жағасына жармасыпты. Қазір жастар үлкен сыйлаудан қалған.
Жазба айтыста төселген ақындар бар екен. Абылай. Нұқанат. Мамай сынды. Солардың бірі торғайлық ақын Байбатыр. Бұл азамат Торғайдың намысын қорғап додаларда топ жарып жүрген ақын. Бұл айтыста да айқын басымдылық байқалып тұр. Қарсыласыеың əлі тəжірибесі аз секілді. Ұтымды ой айтудың орнына жағаласып, шапшып тұр екен. Меніңше жанкелдиндік ақын басым.
Байбатыр аға тіс қаққан жыр дүлейі ғой.Сөзі қарсыластан басымдау.Алға Байеке жеңістің тұғырынан көрейік сені.Шап! Алға!
Мен кешеден қарап отырмын. Шындығында қызық айтыс болып тұр. Айтысты бастаған торғайлық ақын жай ғана кезек берген еді арқалықтық өрен беттен алып шапши жөнелді. Екінші кезеңде торғайлық ақын намыстанып шабытын шақырып еді қарсыласы ыққандығын сездірмей бар кінəні соған арта салды. Бұл жас бала екі жүзді ақын екендігін абайсыз сездіріп қойды. Артын күтейік….
Байбатыр мен Еркінғазының айтысы.Еркінғазы менің көз алдымда өскен ауылымның баласы. Болашағынан зор үміт күттіретін талантты жас ақын. Байбатыр тәжірибелі сақа ақын.Бүйрегім ауылдың баласына бұрғанменен айқын басымдылық Байбатырда. Інілері айтарым үлкенмен айтысқанда бет жыртысып жағадан алу жеңіске жетелемейді.
Жас-жас деп тия беру де керек емес. Сайып келгенде Мамай да, Байбатыр да однатипный ақындар ғой. Оны бәрі біледі. Шын дүлдүл болса, хотя бы облыстық айтыстан озу керек. Мына бала айтыстың талаптарын сақтап отыр. Торғай бәрімізге ыстық. Бірақ бұл айтыста Есірдің жолы боп тұр. Әділдік болса, осы бала өтуі керек.
Сізде айтады екенсіз. Немесе сол ақын бала осылай жаз деп ұсыныс айтты ма? Ал Мамай мен Байбатырға келетін болсақ олар талай мəрте жүлде алып жүрген ақындар. Айтыстан хабарыңыз жоқ екені осыдан белгілі. Айтыстың ережесін сақтап отыр дейсіз əлде сізде үлкендердің бетінен алатын ба едіңіз. Айтыс ұрыс емес ұтымды сөз сайысы. Меніңше торғайлық ақын жеңіске жетті. Қалғаны қазылардың еншісінде
Жас,кəрі деп бөлмеңдер.Жастар шығу керекқой,болашағынан үміт күттіретін.Жастардың туын жықпай мүмкіндік беріңдер.Жас деп жасқамаңдар жазба айтыстағы жастарды
Байбатыр Ағамыздың қанжығасында
Жеңіс
Байбатыр деген ақын бастаған екен ұйқасы кедір-бұдыр шоқалаққа соқтыққандай басын оқығанда берекең қашып кетеді екен.Еркінғазы баланың өлеңі ықшамды, ойы орамды екені анық сезіледі. Əрине сөз ұғатын адамға.
Расында да Байбатыр ақын тəжірибелі болса,
Ысырғандар
Ысылғандар
Тұщынғандар
Шошынбаңдар
Ұсынғандар
Не ұйқас?… өлеңнің берекесін кетірген-ақ екен. Əдебиет теориясынан бейхабарлық қой бұл.