Болашаққа жетелер «100 нақты қадам»
Облысымызға инвестиция және даму вице министрі Альберт Рау бастаған республикалық ақпараттық-насихаттау тобы жұмыс сапарымен келді. Өңіріміздегі «Титан» ЖШС, Соколов-Сарыбай кен байыту кәсіпорыны, «Сарыарқа автопром» ЖШС секілді өндіріс ошақтарында болып, қызметкерлерімен кездесу өткізген топ өкілдері Елбасымыз ұсынған «100 нақты қадамды» түсіндіруге тырысты.
Елбасымыз: «Тәуелсіздік жылдары ішінде біз Ұлы жолды жүріп өттік. Біздің еліміз әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына енді. Ішкі жалпы өнім жиырма есеге өсіп, 2014 жылы жан басына шаққанда 13 мың долларды құрады. Бүгінде біз «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты мақсаты әлемнің неғұрлым дамыған 30 елінің қатарына енуге қол жеткізу жолында жұмыс жүргізудеміз»,-деп атап өткен болатын.Алға қойған мақсатымызға жету үшін, бес институттық реформаны жүргізу қажет. Бұл қадамның басты бағыты мемлекеттік қызметкерлер мен сот жүйесіндегі алауыздық, жемқорлық әрекеттерге жол бермеуге негізделген. Нәтижесінде әртараптандырылған экономикалық өсім ұлғайып, реформаның кешенді жүзеге асуына нақты жағдай жасалмақ. Индустрияландыру экономиканың құралы ғана емес мемлекет дамуының және орта тапты қалыптастырудың маңызды факторы болып қала бермек.