Жаңа жылға дайындық басталды

Пандемия салдарынан екі жыл қатарынан үзіліс алған жаңажылдық іс-шаралар облыс орталығында қайта жанданады. Облыстың бас шыршасын жағу рәсімі өтіп, мұз қалашығы бой түземек. Мереке жоспары қала әкімдігіндегі аппарат жиынында жария етілді.
Биыл облыстың бас шыршасының шамы 18 желтоқсанда сағат 18:00-де жағылмақ. Облыс әкімдігі ғимаратының алдына құрылатын шыршаға, «2023» пішініндегі шағын архитектураға және бірқатар нысанды түрлі-түсті шам-шырақтармен безендіруге бюджеттен 20,7 млн теңге бөлініп отыр. Сондай-ақ мұз қалашығы мен мүсіндерге 16,8 млн теңге жұмсалады.
«Орталықтағы басты шыршаның сыртында, тағы екі мерекелік сәнді ағаш КСК және Әуежай шағын аудандарында орнатылады. Сондай-ақ, 1-20 желтоқсан аралығында қалалық бес байқау ұйымдастырылады. Кәсіпкерлер бөлек сауда және өнеркәсіп нысандарын безендіруден сайысқа түседі. Мұнымен қоса, арнайы комиссия үздік сәнді аула, үздік мектеп ауласы және үздік қар скульптурасын анықтамақ», – дейді қала әкімінің орынбасары Бақыт Қашырбеков.  
Сонымен қатар, қала әкімдігі қалалық жағажай ауданында демалысқа арналған жаңа локация ашуға ниетті. Онда қоғамдық тегін сырғанақ, шаңғы жолы салынып, тамақтану орны ашылады. Ол жерде тұрғындар квадроциклдермен, ат мініп қыдырыстай алады. Сондай-ақ, демалыс сайын мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылып тұрмақ. Қазір ТКШ бөлімінің басшылығы демалыс орындарына автобус тасымалын ұйымдастыру мәселесін пысықтап жатыр.
Қала әкімі М.Жүндібаев қауіпсіздік шараларына ерекше көңіл бөліп, полицейлер кезекшілігін бекітіп, жылынуға арналған вагондар орнатуды тапсырды.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓