Арқалықта дән себу жұмыстары басталды
Дәл қазір диқаншылар жұмысының қызған шағы. Биыл Арқалық шаруалары астықтың түр-түрін, төрт түліктің көптігін көрмек. Бұны аңғару да қиын емес. Өйткені, егіс алқабының көз жетпес қиырында қаз-қатар тізіліп жер жыртып жүрген дала кемелері осының айғағы.
Ал, мұндағы жалпы дала жұмыстары туралы нақты сандарға қанық болу үшін Арқалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Байтемір Исмайлов ұсынған ақпараттарға сүйенейік.
-Меморандумға сәйкес биыл Арқалықтағы көктемгі егіс алаңы – 280 461 га. Дәнді дақылдар көлемі – 263 730 га. Оның ішінде: бидай – 241 000 га, арпа – 14 100 га, жасымық – 5 830 га, сұлы – 1 100 га т.б. Ал, майлы дақылдар көлемі меморандум бойынша 8 000 га. Биыл 200 га күнбағыс, 20 га қыша, 2 400 га сафлор, 1 500 зығыр, егу жоспарда бар. 8600 гектарға жемдік дақылдар себілмек. Оның ішінде біржылдық 7500 га және көпжылдық 1100 га. Бұдан бөлек, картоп 105 га. Жалпы көкөніс бақшасы 26 000 га. Қазір көктемгі ылғалды жабу және алдын ала өңдеу жұмыстары аяқталды. Оның ішінде техникалық және химиялық өңдеу жұмыстары да бар.
13 мамыр күні бидай егуді бастадық. Жоспар бойынша күніне 19 400 га жерге дән сеуіп үлгеру керек. Облыс әкімімен өткен селекторлық жиында бірқатар тапсырма берілді. Ауа райы қолайлы уақытта жұмысты еңсеріп тастау қажет, өйткені мамырдың 25 күні жаңбыр басталуы мүмкін. Мәселелен, «Әілби-Сенім» ЖШС 5 830 гектарға қыша өсірмек. Қазірдің өзінде 2 000 гектарға жуық жерге дән сеуіп үлгерді. Қысқаша шолып өтер болсақ, жағдай осылай. Табиғат тосын мінез көрсетпесе, биыл астық мол болады деген ниеттеміз,-дейді Байтемір Кенжеғалиұлы.
Арқалыта саланы цифрландыру мәселесі де шешімін тауып келеді. Мұнда алқаптардың электронды картасы бар. Әзірге тек жартысын ғана түсіріп үлгерген. Өйткені, шаруалар дала жұмыстарымен әлек.
-«Әліби-Сенім», «Возрождение» сатып алған жаңа техникалардың бәрінде GPS құрылғысы орнатылған, енді ескілеріне орнатып жатыр. Бұлар қазір қанатқақты жоба ретінде қарастырылып отыр. Цифрландыру арқылы техниканың қай маңда жүргенін және жай-күйін білуге болады, сонымен қатар жанар-жағармайды үнемдейді. Түнгі уақыттарда да жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл енді индустриализация картасынан тыс жоба,-дейді бөлім басшысы.
Ата кәсіпті нәсіп қылғандардың да асығы алшысынан түсіп тұр. Ағымдағы жылы ашылатын ет комбинатымен қоса, мал бордақылау алаңы іске қосылмақ.
-Ірі қара ұстағандардың жұмысы қарқынды. Қазір 4700 аналық мал басы бар, барлығы 9000 бас. Қарабалықтағы «Терра» шаруашылығынан 47 бұқаны жалға алған едік. Тек Ақмола облысындағы Новоишим ауылындағы шаруа қожалығынан бір бұқа әкелдік. Алдағы уақытта сол «Террадан» тағы да 47 бұқа алу ойда бар, келісім-шарт жасасып жатырмыз. Жалға алатын себебіміз, үлкен шаруашылықтардан бөлек, ауыл арасында жекенің де малы бар.
Енді үш-төрт айдан соң ет комбинаты іске қосылады. Іске асыра алсақ, жергілікті бюджетке әжептәуір қаржы құйылып, Арқалықтың экономикасы жақсармақ. Сондықтан, қыруар жұмысты еңсеріп отырмыз. Сонымен қатар, іргедегі аудандарға тиімді болмақ.
Мал ұстайтын кез келген адам өз өнімін комбинатқа әкеліп өткізе алады. Қазір бүкіл ауылдарға алдын ала хабарлап жатырмыз. Ақмола, Қарағанды облысының жақын жатқан аудандарына хабар жібердік. Өйткені, ашылған кезде мал дайын тұру керек.
Жақында қала әкімі бастаған делегация Қарабалықтағы «Терра» шаруа қожалығындағы бордақылау алаңына барып, тәжірибе алмасып қайттық. Біз енді мал бордақылауды қолға алмақшымыз. Комбинат іске қосылғасын тұрақты мал бордақылау алаңы керек. Себебі, ол күн сайын шамамен 10 тонна өнім шығарады. Сұранысты игере білу керек,-дейді Байтемір Кенжеғалиұлы.
Оңтүстіктен қоныс аударған азаматтар аз да болса үй шаруашылығына үлес қоспақ екен. Биыл Арқалыққа төрт отбасы келіпті. Қазір олар бейімделіп жатқан жайы бар, жергілікті билікке алдағы уақытта бау-бақша егуге ниетті екендіктерін жеткізген. Ал олар өз кезектерінде қолдау білдіруге дайын.
-Үй шаруашылығы да маңызды болып отыр. Ішкі нарықта оған да сұраныс бар. Бау- бақша егеміз дегендер болса, шағын несие алып, еңбек етсе болады. Оңтүстіктен келген азаматтар қазір бұл мәселені қарап жатыр, алдағы уақытта жеміс береді деп үміттенеміз. Ал негізінен өңірде ауыл шаруашылығына көрсетілетін көмек жақсы. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында кәсіп бастағандар аз емес. Ол тек ауыл шаруашылығына бағытталған бағдарлама болуы міндетті емес. Кез келген жоба арқылы несие алып, кейін мал сатып алғандар бар. Олар субсидия алып, шаруашылықтың шырайын келтіріп отыр,-дейді.
Арқалықтың алқабындағы жұмыс осындай. Биыл астық мол болады деп жориды кәнігі диқандар. Дегенмен, астық экспорты ақсап тұр.
-Ел ішінде ғана сатамыз, сырттан сұраныс жоқ. Мәселе сапада емес, санда болып тұр. Көрші жатқан облыстардың бәрі бидай егеді. Әйтпесе, ішкі нарықты тұтастай қамтып отырмыз. Ал малымызды көрші елдерден келіп те алады. Қызылорда, оңтүстік Қазақстаннан жыл сайын адамдар келіп, бағасын шаруалардың өздерімен келісіп сатып алып жатады. Республика бойынша осы Арқалықтың және Аманкелді мен Жанкелдин ауданының малы жақсы бағаланады. Сондықтан, комбинат ашылса еліміздің түкіпр-түкіпрнен сатып алушылар келетініне сенімдімін.,-дейді Б.Исмайлов.
Кенже ҚОНЫСБАЙ