Халықаралық конференция өтті
Бүгін Қостанайда “Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару жүйесі: қазіргі түйткілдері мен даму болашағы” тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Аталмыш шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа жөніндегі комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров, облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамедов және еліміздің прокуратура, ішкі істер органдарының өкілдері мен Германия, Ресей, Беларусь елдерінің ғалымдары, заңгерлер қатысты.
Конференцияда қылмыстық-атқару заңнамасы мен қылмыстық-атқару жүйесі төңірегіндегі отандық және шетелдік тәжірибені талқылау, аталған заңнаманың сотталғандарды жазалау және қайта әлеуметтендірудегі жетістікерінің әлеуметтік тиімділігінің түйткілдерін зерттеу, қоғамнан оқшаулауға қатысы жоқ жазалардың даму тиімділігіне баға беру, қылмыстық-атқару жүйесі қызметінің ұйымдастыру-жүйелік құрылымы, саяси-құқықтық және психологиялық-педагогикалық қамтуды шешу жолдарын қарастыру мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ, конференция барысында Елбасының “100 нақты қадам” Ұлт Жоспарының 33-қадамында көрсетілген бас бостандығынан айыру орнына босаған және сынақтан өту қызметіне тіркелген азаматтарды әлеуметтік оңалтудың тиімді жүйесін қалыпқа келтіруді жүзеге асыру, пробация институтын дамыту туралы да айтылды.
Қ.МАРАТҚЫЗЫ,
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.