ОТЫЗ ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ
«7-20-25» мемлекеттік тұрғын үйбағдарламасы бойынша 3 ай ішінде 42 өтініш қабылданып, оның 35-і мақұлданды. Бүгінге дейін 29 отбасы баспаналы болған. Бұл туралы өңірлік баспасөз орталығында өткен жиында айтылды. Жиында банк және билік өкілдері мен жергілікті құрылыс компанияларының басшыларыжаңа бағдарламаның жүзеге асырылу барысын сөз етті.
Қостанай облысы «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру жөнінен республика бойынша көш соңындағылар қатарында.
«Біріншіден, бағдарламаның басталғанына үш-ақ ай өтті. Екіншіден, бізде Алматы, Шымкент сияқты үлкен қалалардағыдай ауқымды құрылыс жүріп жатқан жоқ. Үшіншіден, тұрғындарға жаңа бағдарлама туралы толық ақпарат әлі де жетпей отыр. Бұл бағдарламаның бірден қарқын алып кетуіне кедергі етеді. Мұның сыртында, «7-20-25» бағдарламасымен қатар жүзеге асырылып жатқан өзге де мемлекеттік бағдарламалар бар» – деді Ұлттық Банк филиалы директорының орынбасары Жанна Омарханова.
Бағдарламаны жүзеге асыруға10 шақты жергілікті тұрғын үй компаниясы тартылған. Мәселен, аталған бағдарлама бойынша «БК-СТРОЙ» құрылыс компаниясы тұрғындарға 34 пәтер ұсынып отыр. Жиында Қонай маңындағыжаңа ауданның құрылысы туралы да сөз қозғалды. Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Серік Бейсембаевтың айтуынша, келешекте Қонайда бой көтеретін тұрғын үйлердің біразы «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғындарғаберіледі. Мұнда бір қабатты жеке үйлермен қатар 50 шақты көп қабатты тұрғын үй салу жоспарланған.
Нұрқанат Құлабаев