Кәсіптің көзін тапқан
Соңғы жылдары Әулиекөл ауданында шағын және орта кәсіпкерлік саласы ежәптәуір қарқын алған.Оны мына сандардан байқауға болады: өңірде 2212 кәсіпкерлік нысаны болса, соның 1751-і жекеменшіктің иелігінде. Аудан кәсіпкерлері егін егіп, мал өсіруден бөлек тұрмыстың сан саласын қамтитын кәсіп түрлерімен шұғылданады. Бірі ағаш өңдесе, енді бірі көлік жөндеу шеберханасын ашып алған.
Аягөз Байқасованың кәсіпкерлікпен айналысқанына 10 жыл болыпты. Ол әуелде шағын дүкен ашса, келе-келе сауда орынын кеңейтіп, азық-түліктің ассортиментін арттырды. Кәсіпкер келіншек үстіміздегі жылдан бастап «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы қайтарымсыз грант ұтып алып, оған ет өңдейтін қондырғылар сатып алды.
– 2014 жылы мемлекеттің біз сияқты шағын және орта кәсіпкерлікке бет бұрған жатқан жандарды қолдау мақсатында бөлген грантын жеңіп алдық. Бұл шын мәнінде, үлкен көмек болды. Үкіметтен алған 1 млн.200 мың теңге қаржыға ет бөлшектейтін тоқ ара, ыстайтын аппарат, ет тартқыш, тоңазытқыш – сөре сатып алдық. Өзіміз бес жылдан бері етпен айналысамыз. Халықтан тапсырыс өте көп түседі. Әсіресе, қараша, желтоқсан айларында дамыл таппаймыз. Шағын болса да, цехта құс , балық, сиыр және жылқы етін ыстаймыз,-дейді кәсіпкер.
Сапалы өнім қашанда өтімді келеді. Бұларға көбіне жергілікті кафе, дәмханалар тапсырыс береді. Оның үстіне жұрт той жасайтын кезде Аягөздің өнімдерін аттай қалап алатын көрінеді.
Байқасовтардың отбасылық бизнесі бүгінде аудан көлемінде кеңінен танымал. Қолы епсекті кәсіпкерге күйеуі, баласы көмектеседі. «Осы кезге дейін ешкімді ренжітіп көрген жоқпыз»,-дейді Аягөз. Етті көбіне-көп халықтан сатып алады. Аудандағы ірі серіктестіктермен келісім-шартқа да отырған. Малдың сойысқа жарамдығы туралы анықтаманы да күні бұрын алады. Сөйтіп, әкелінген мал ет комбинатында сойылады да, цехқа жөнелтіледі. Дүкен сөресіндегі еттің бағасы аса қымбат емес. Мәселен, бір келі сиыр еті 1100-1200 теңге аралығында саудаланады. Бір жақсысығ Байқасовтар өздерімен қоса реті келгенше халықты да жұмыспен қамтамасыз етуді қалайды. Қазірдің өзінде бұларда алты адам тұрақты істейді. Жалақылары да жаман емес.
Сөзіміздің басында Әулиекөл өңірінде шағын кәсіпкерлікті дамытуға күш жұмылдырып отырған азаматтардың қатары көбейгендігін айттық. Солардың бірі – Сәбит Жайсаңов. Ол – темірден түйін түйген азамат. Қолынан келмейтіні жоқ.
– Қолымыздан бірдеңе келген соң, жұртқа да пайдамыз тисін дедік. Сөйтіп, 2009 жылдан бері осы кәсіпті қолға алдым. Қарамағымда алты адам жұмыс істейді. Оған қоса биыл Құсмұрын кентінен тағы бір мекемені алдық. Онда да алты адамға жұмыс тауып беріп отырмын.Тапсырыс жеткілікті, – дейді Сәбит Тыныштықұлы.
Сәбиттің сөзінің жаны бар. Біз мұнда келгенімізде, айналасы атшамтырым кәсіпорын ішінде жұмыс қыза түскенін байқадық. Дайын шарбақ, қоршаулар, дуал, қақпалар өз иелерін күтіп тұрғандай әсер қалдырады. Жұмысшылардың бір тобы келесі тапсырыстарды орындауға көшкен. Кейбіреулері шарбақтарды дәнекерлесе, енді бірі дайын өнімдерді сырлап жатыр.
Бір қызығы, Сәбит өз кәсібін ашқалы бері мемлекеттен несие алып көрмепті. Барлығын өз қаржысына салған.
– Әрине, Үкіметтің қолдауы керек. Қазір берсе де жақсы болар еді. Алдағы уақытта кәсіпорынымды кеңейтіп, қосымша темір өңдейтін қондырғылар сатып алсам деймін. Бар мәселе кепілдік мүлікке кеп тіреледі, – дейді Сәбит Жайсаңов.
Соған қарамастан іскер жігіт қол қусырып қарап отыру дегенді білмейді. Қыстың күндері тапсырыс азайғанда бұл конькилерін балаларға жалға беруді әдетке айналдырған. Қолында 90 жұп конькиі бар. Арасында қайырымдық істерден де бас тартпайды. Жылда қарттарға көмектеседі. Аудан орталығындағы «Үміт» интернатының тәрибелеушілеріне тегін қызмет көрсетеді.
Сәбиттің кәсіпорынында жалақының кешіктірілуі деген атымен жоқ. Сондықтан шығар, бұрын ауданнан көшіп кеткендер қайта оралып, бұрынғы жұмыстарына орналасқан. Солардың бірі – Василий Козуб есімді азамат. Қолынан келмейтіні жоқ. «Жұмысым өзіме ұнайды. Айлығым да отбасымды асыруға жетеді»,-дейді кәнігі маман.
Жалпы, Әулиекөл ауданында 2012-2016 жылдар аралығында кәсіпкерлікті дамыту бағытында 17 жоба жүзеге асқан. Осы арқылы 67 жаңа жұмыс орыны ашылыпты.
– Жыл озған сайын шағын және орта кәсіпкерлік саласы жанданып келе жатыр. Өз кәсібімді ашып, шаруамды дөңгелентсем дейтін азаматтар баршылық. Олардың бәрі белгілі бір дәрежеде Үкіметтің қолдауына арқа сүйейді,-дейді бізге сұхбат берген аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Салтанат Жарасбаева.
Оның айтуынша, соңғы жылдары аудандағы «Атамекен-Қостанай» шағын қаржылық ұйымы» ЖШС облыстық кәсіпкерлер Палатасымен бірлесіп, шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын тұлғаларға несие беруді дәстүрге айналдырған. Биылдың өзінде осындай 13 азаматқа барлығы 27 млн 190 мың теңге несие беріліпті. Тағы да сегіз өтініш қаралып жатыр.
«Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға бағытталған осындай қолдаудың арқасында біз жұмыс орындарының санын көбейтуге мүмкіндік алып отырмыз. Осы арқылы өңірдің әлеуметік-экономикалық дамуы біршама оңалды», – дейді Салтанат Жарабаева.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген автор.