Арқалық жастары алға шықты
Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Үздік ерікті-2018» еріктілер байқауы қорытындыланды. Байқау 2 этап бойынша өткізілді. Алғашқы этап талаптары бойынша қатысушылар өз портфолиосын тапсырды. Портфолиода волонтерлік қозғалыс бойынша атқарылған жұмыстары, қайырымдылық акциялар және көмекке ие болған жандардың, көрсетілген көмектері туралы пікірі, қалалық жастар форумы, біліктілігін арттыру жұмыстары, қатысқан байқаулар мен шағын гранттар, жүзеге асырылған жобалары, волонтерлікке қатысты деген т.б шаралар туралы мәліметтер мен дәлелді құжаттар, фото, бейне материалдар жіберілді. Портфолиолар іріктеліп ішінен екінші кезеңге 19 оқу орнынан 20 сайыскер қатысты. Арқалық қаласының намысын колледж студенті Ақбота Кәдірбек қорғады. Өз жұмысын жүйелі түрде ән жолдары арқылы жолдаған Ақбота сахнада мүдірмеді. Жұмысын баяндап, театрланған қойылымын ұсынып, соңында көрермендермен бірге «Хелпер бокс» акциясын қалай ұйымдастыруға болатын жолын көрсетіп, тәжірибе алмасты. Алғашынан-ақ театрланған қойылымымен ерекшеленген Ақбота барша көрермендердің ықыласына бөленді. Байқауға Қостанай облысы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің менеджері, Қостанай облысы жастар ресурстық орталығының өкілдері төрелік жасады. Нәтижесінде облыс бойынша үздік деп танылып, бас жүлдені Ақбота Кәдірбек жеңіп алды. Жеңімпаз облыстық білім басқармасының мадақтамасы мен қатысушы сертификатына және бағалы сыйлыққа ие болды.
Ақботаның волонтерлік қызметте жүргеніне 3 жылдан асты. Осы жылдар арасында ол қайырымдылық акцияларына қатысты, қалалық шағын жобалар байқауына қатысып, «Мәңгілік ел мұратым» «Мәңгілік ел» концепциясына түсіндірме жұмыстарын ұйымдастыру жобасын жүзеге асыруға 80 мың тенге көлемінде шағын грант ұтып алды. Жоба қорытындысы ретінде, облыстық бірнеше оқу орындарынан топтардың қатысуымен, облыстық пікірталас турнирін өткізді. Оның сыртында Ақбота тұрақты түрде біліктілігін арттырып тұрады. Повладарда, Қарқаралыда өткізілген волонтер оқу-жаттығу семинарларына қатысқан.