Барлығы балалардың қамы үшін
Мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолдау қажет. Осы мақсатта қаламызда «Дара» республикалық қайырымдылық Қоры "Педагогикалық-психологиялық түзету кабинетін" ашты.
Салтанатты шараға облыс әкімі Архимед Мұхамбетов, «Дара» қайырымдылық қорының құрылтайшысы Гүлнәр Досаева мен жеке демеуші Гүлнәр Жөкебаева, білім беру саласының мамандары да қатысты.
Аймақ басшысы мүмкіндігі шектеулі балалардың дамуындағы қиындықтарды жеңу мақсатында қолға алынған игі істің басталуымен құттықтады.
–Бұл біздің қаламызда ашылып отырған алғашқы кабинет. Жалпы білім беретін мектепте даму мүмкіндігі шектеулі балаларға қолайлы жағдай жасау баршамыздың міндетіміз. Кез келген бала өзгелермен тең білім алуға құқылы. Балалардың бойындағы ерекше қабілеттерін дамытып, олардың өмірден лайықты орын алуына мүмкіндік жасайтын кабинетті ашуға үлесін қосқан азаматтарға алғысым шексіз. Бұл шара Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында жалғасып жатқан игі істердің қатарында,-деді облыс әкімі.
Облыс әкімі бұл орталыққа арнайы сертификат табыстады. Қаржылай көмек балаларға қажетті қондырғыларды алуға жұмсалмақ.
Бұл кабинетте балаға қажеттінің бәрі бар. Мысалы, бір ғана Гросс жаттықтыру аппараты баланың тұрып, аяғын басуына көмегі көп. Мамандардың айтуынша осы жаттықтыру қондырғысын ойлап тапқан маманның өзі арнайы келіп, орнатқан екен. Арнайы жасақталған дефектолог, монтессори, психолог кабинеттерінің жұмыстарымен арнайы мамандар айналысады. Қазір мұнда 0 жастан 7 жасқа дейінгі балалар тіркелген. Барлығы – 125 бала.






Өңiр басшысы кабинеттердi аралап, орталықтың материалдық-техникалық базасымен танысты және қонақтарымыз “Дара» қайырымдылық қорының құрылтайшысы Гүлнәр Досаева мен жеке демеуші Гүлнәр Жөкебаеваға сыйлықтар табыс етті.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ