АХАҢ АЙТҚАН ЕКЕН…

Ахметхан АбилкайулыАхметхан ӘБІҚАЙҰЛЫ (1904– 1986) Жангелдин ауданындағы, Шилі ауылында туып өскен. Ол әкесі Әбіқай Нұртазаұлы сынды ақын, термеші, жыршы, әнші, домбырашы, сөзшең-шежіреші,  яғни сегіз қырлы бір сырлы жан болыпты.
 "Жан едім жасындайын жарқылдаған
Ақ көңіл адам едім аңқылдаған.
Бас қосып мәжілісте отырғанда,
Қырандай желді күнгі саңқылдаған" – деп Ахаң өзі жырлағандай әке жолын қуған талант иесі еді.
  Айтқандай заңғар жазушы Әбіш Кекілбай ағамыз "Үркер", "Елең-Алаң" романдарын жазып жүргенде Ахметхан ақсақалды әдейі іздеп келіп құдайы қонақ болып жатып, ел тарихынан біраз мағлұматтар, деректер әкетсе керек. Ахметхан айтқан сөздер ел аузында, қағаз  бетінде қалды. Бір парасы төмендегідей.
 
Адам қайда жүрмейді
Ауылдасы Ахаңды айнала іздеп таба алмайды. Үйде жоқ, түзде жоқ. Салы суға кетіп келе жатса, алдынан Ахаң шыға келеді. Жерден жеті қоян тапқандай қуанған жерлесі алып-ұшып:
– Ассалаумағалейкум, Аха! Жер-көктен сізді іздеп таба алмай жүрмін қайда жүрсіз?! – деп қалбалақтап қалады.
– Уағалейкумассалам! Әй, шырағым-ай, осы күнгі жылдамдықтың, жүгірістің заманында адамды жалғыз жер бетінен іздеп таба аласың ба? Адам бірде Айда, кейбірде Аңырақайда, енді бірде теңіз түбінде жүре бермей ме? Айналайын-ау, адам баласының  шаруасы тек жалғыз жер бетінде ғана ма?! – деген екен.
 
Маңайымнан үйрендім
Бірде Ахаңа ауылдастарының бірі:
– Ата, күй тартып, ән салғанда бүкіл денеңіз қозғалып билеп кетесіз. Тіпті, жамбасыңызбен де жыландай жылжып жүреді екенсіз. Оны қайдан үйрендіңіз? – депті.
– Айналайын-ау, мен оны жиенімнің жампоз атынан, нағашымның қара ала торпағынан, құдамның зулаған пырағынан, өз үйімнің тастан-тасқа секірген лағынан, яғни, маңайымнан үйрендім, – деген екен сонда.
 
Қатты болса мүжірме ең?..
– Осы арақты өлгенше неге ішесің әкеңнің құны кеткендей, – деп Ахаң баласына ренжіпті.
– Сұйық болғасын ішемізде, – дейді ұлы қисайып.
– Қатты болса сүйектей мүжір ме едің, – дейді күйіп кетіп ақын.
 
Өлімнің "өшіреті"
Ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермеген Ахметхан шешенді кәрілік жеңіп таяққа сүйеніп есік алдында тұрғанда сатирик ақын Сейіт Кенжахметұлы әдейі іздеп барып сәлем беріпті. Амандық  саулықтан кейін:
– Аха, бұл жерде нағып тұрсыз? Таза ауа жұтып дем алып жүрсіз бе? – депті.
– Шырағым, сендер аман болыңдар, біз деген өлімнің өшіретін күтіп жүрген жанбыз ғой, – десе керек.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓