Немереге ата үлгі
Бұқарбай ақсақал жет-пістің жетеуінде. Бірақ жас жігіттей жүріс-тұрысы ширақ. Жылда көктемде әбден тозығы жеткен тракторының май-суын жаңартып, істен шыққан жерлерін жөндеп шөп шабу науқанына дейін сақадай сай дайын отырады. Бұл уақытта ол кісінің жұмысы қауырт. Қарапайым еңбек адамы көп сөзге жоқ, өз ісін білетін біртоға жан. Ақсақал кезінде Қазақ ауыл шаруашылық институтын бітірген. Мамандығы – инженер-механик. Зейнеткерлік жасқа шық-қанға дейін колхоз-совхоз фермаларда механик, бас инженер қызметін атқарған.
Бір күнін емес, бір сағатын босқа өткізбейтін кейіпкеріміз қолдағы азын-аулақ малына қарап, арасында ауласында жатқан темір-тер-сектерді құрастырып, іске жаратып, су сорғы, темір жонатын және қамыс кесетін станоктар құрастырып шығарған. Есесіне сол тоқпен істейтін станоктардың рахатын көріп отыр. Мен барғанда ол кісі өзінің жұмыс істейтін шағын темір цехында әлденелерді шұқылап, ұсақ-түйек темірлерден техникасына қажетті бөлшектерді құрастырып жатыр екен. Әңгіме барысында ақсақалдың әлі де болса еңбекке деген ынта-жігері, құлшынысы күннен-күнге артып отырғандығын байқадым. Тек өзінің тиянақты ісінің жөн-жосығын білетін Бұқарбай ақсақалға қалай таңқалып таңдай қақпасқа. Қанша жерден іскер еңбек адамы болсаң да, ең әуелі ауызбірлік пен түсіністік, адамгершілік, сыйластық, ұқыптылық керектігін айт-қан ақсақалдың сөзінің жаны бар. Бірталай қиындықтармен күресіп жеңе білген, "шешінген судан тайынбас" деп нарық қыспағына қасқайып қарсы тұрып, түбінде игілігі боларына сеніммен қараған қарияның үміті алдамапты.
Ауданда шөп шабатын техникасы бар жеке кәсіпкерлер жетіп артылады. Саны көп болғанымен сапасы төмен. Өзгенің малы түгілі өзіне керек мал азығын дайындап ала алмай жатқандар қаншама?! Ол кісі бүгінгі таңда ойдың шөбін орып, сегіз тіркеме шөпті үйіне тасып та алған. Артылғанын арзан бағада ағайын туыстар-ға сатпақшы. Өз білгенін өзгеге үйретуді жөн санайтын кейіпкеріміз жиен немересі Темірлан Досмағанбетовты еңбекке баулу мақсатында жаз бойы ескі тракторымен шөп шаптырып, маңдай термен тапқан еңбек берекелі болатындығын ұғындырып, көз жеткізіп отыр.
Бұқарбай ақсақалдың ауласына кірген кісі түрлі жемістің дәмін татуына әбден болады. Себебі, ол кісінің немерелері де атасына тартқан еңбекқор. Аула ішіндегі бау-бақшаны күтіп баптаған немерелері тәтті жемістердің дәміне тіл үйіріп отыр. Ал жиен немересі Темірлан "Атадан мал қалғанша – тал қалсын" сөзін ұстанып, қадір тұтқандығы қуантарлық. Нағашы атасы көшіп келген жылы бір түп тал егіп өсіріп шықса, жиен немересі сол бір түп талдың бұтағын көктем айында кесіп алып, тамырлатып он түп талды отырғызып өсірген.
Байбатыр
АХМЕТБЕКОВ.
Жанкелдин ауданы.