“Ұлттар достығы – тұрақтылықтың кепілі”, – дейді “Рябинушка” ансамблінің жетекшісі Наталья Данилевская
Халықтар ынтымағы мен бірлігін берік ұстанған көпұлтты еліміз – баршаға үлгі. Қостанай облысында бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан түрлі ұлт өкілдері өздерінің төл мәдениетін, тілі мен салт-дәстүрлерін дамыту мүм-кіндігіне ие. Этно-мәдени бірлестіктер облыс орталығында ғана емес, сонымен қатар ауыл-аймақтарда да баршылық. Мәселен, Рудный қаласына қарасты Горняцкий кенті – көпұлтты елді мекендердің бірі саналады. "Рябинушка" деген атаумен ауыл тыңдармандарына кеңінен танымал, ақ жаулықты әжелер тобы осы сөзіміздің бір айғағы.
Қазақ, орыс, украин, беларусь сияқты ұлт өкілдерінен құралған "Рябинушка" ансамблі осыдан жеті жыл бұрын Горняцкий кентінде құрыл-ған. Қазір олар өз ауылдарын айтпағанда Рудныйдан тысқары елді мекендерге танымал. "Рябинушканың" бүгінгі репертуары өте бай. Ансамбль жетекшісі Наталья Данилевкая:
– Ұлттар достығы – тұрақтылықтың кепілі. Сондықтан біз әр түрлі тілдегі әндерді орындаймыз. Әр ұлттың дәстүрін үйреніп қана қоймай, соны жастар арасында дәріптеуге тырысамыз. Қысқа ғана тарихы бар ансамбльдің бүгінгі жетістіктері қомақты. Әсіресе, өткен жылы ән байқауларының бірінде жеңіп алған бас жүлде ұжым мүшелеріне жақсы әсер қалдырды,– дейді.
Айта кетерлігі, ынтымағы жарасқан ұжымның құрамында мүмкіндігі шектеулі жандар да баршылық. Людмила Жуланова – үшінші топтағы мүгедек. Былтырдан бастап төрт қабырғаға телміріп отырғаннан гөрі осы ансамбльдің қатарына қосылып, ән айтуды шешсе керек. Бұл шешіміне өзі де қуанышты. Ол өз замандастарын сүйікті ісімен айналысуға шақырады.
Әжелер ансамблі көбіне лирикалық, патриоттық әндерді орындағанды ұнатады. Қазіргі күні қазақ тіліндегі әндерге ерекше мән беруде. Рудный қаласы мен Горняцкий кентіндегі мәдени шараларды осы ансамбльсіз елестету мүмкін емес.
"Рябинушка" ансамблінің ұжымы бір-біріне ас-қан мейірімділікпен, татулықпен қарайды. Түрлі ұлт өкілдерінен құрылған топ бүгінде көпшілікке үлгі.
– 2015 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жарияланды. Еліміздегі ұлтаралық келісім мен татулық ел Президенті жүргізіп отырған салиқалы саясаттың негізі, – дейді олар.
Қуаныш
ЕСҚАБЫЛ
Рудный қаласы.