Меңдіқарадағы мәуліт мейрамы
Қойнауы дәнге толған Меңдіқара ауданында екі дүниенің асылы, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) туған күні – Мәуліт мерекесі аталынып өтті. Шара Харьков ауылындағы Мәдениеті үйінде ұйымдастырылды. Алдымен, барша мұсылман жамағатының рухына арналып құран оқытылды. Мәнді мерекелік кешті танымал өнерпаздар Мұрат Нағашыбай мен Нұрбол Әбдіғали жүргізіп отырды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы бойынша өкіл имамы Бақытбек қажы Тәжімбет арнайы келіп, тұрғындарға өз құттықтауы мен мағыналы уағызын жеткізді.
– Бұл мәжілістің басты мақсаты — Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардың іс-әрекеттерін насихаттау, салауаттар айту, жастарға имандылық қағидаттарын түсіндіру, оларды отансүйгіштікке, бауырмалдыққа, адамгершілікке, ата-ананы құрметтеуге және түрлі теріс қылықтардан сақтануға шақыру. Қазіргі уақытта, әрбір адамның Алла Тағаланы танып, имандылықты паш етуге бар жағдай жасалған кезеңде өмір сүріп жатқанымызға сансыз шүкір етейік! Бүгінгі ұлық мерекеге жиылған мұсылманның, барша Меңдіқаралықтардың отбасына амандық тілеймін, адал қызметтеріңізді сауаптан жазсын, – деді облыстың бас имамы.
Өз кезегінде Меңдіқара ауданының әкімі Виктор Ионенко Мәуліт мейрамымен құттықтап, Меңдіқарада жаңа мешіттің бой көтеретінін айтты. Жаңа құрылыстың жобасы көрсетіліп, оның жай-жапсарын халыққа түсіндірді. Аудандық әкімшілік пен ардагерлер кеңесінің жоспары бойынша осы мешіт көлемді болмақ.
Сондай-ақ, аудан әкімі белгілі қаламгер Жолбарыс қажы Баязидке Қостанай облысының 80 жылдығына байланысты мерекелік төсбелгі тақты.
Қазақстанның Еңбек ері Сайран Бұқанов бұл шараның маңызыдылығына тоқталды.
– Құран Кәрімде талап етілгендей, шынайы мұсылмандарға тән ізгілік орнықса, барша әлем береке-бірлік, бейбіт өмірге бөленеді. Осындай ынтымақтың үлгісі – Мәуліт мерекесін жоғары дәрежеде атап өту. Ұмыт бола бастаған мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді, тіліміз бен дінімізді жаңа заманға сай жаңғыртып дамытуға жағдай туа бастады. Аты аталған мейрам осымен үшінші жыл қатарынан Харьков ауылында өткізіліп келеді. Осы тұста ұсынарым, жыл сайын барлық аудандар кезектесіп ұйымдастырсын. Себебі, Мәуліт айының қасиетін әр елді мекендердегі жастар ұғынса дейміз. Бұл үрдісті кейінгі жалғастырушы – солар, – деді Сайран Балкенұлы. Ізгілік пен адамагершілік – Исламның дінінің басты қағидасы. Осы тақырыпты арқау еткен жас өнерпаздар көрермендерге екі бірдей қойылым көрсетті. Меңдіқара ауданындағы Ғ.Жұмабаев атындағы орта мектептің 8 сынып оқушысы Мая Орыналы «Жетім қыздың монологын» оқып, жиылғандардың ет-жүрегін елжіретті, кәрі-құртаң ата-әжелеріміз көзіне жас алды.
Ал «Тастанды бала» сахналық қойылымының негізгі мақсаты – адами қасиеттерді жоғалтпау. Көшеден жас нәресте тауып алған жол тазалаушы жігіттің рөлін Мұрат Нағашыбай сомдады.
Ислам дінін қадір тұтқан барша қауымның өтініш-тілегін орындап, осыдан 18 жыл бұрын Бестауда мешіт салдырған Қазақстанның еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері Ибраш Естаев та мерекемен құттықтай келіпті.
Қазақстанның мәдениет қызметкері Бақытжан Сәуекенов, жас әншілер Достияр Қайдар мен Қанат Ражановтар да мағыналы әндер орындады. Күйтартысқа шыққан Мейір Нұрмұхамбетов пен Хамит Мұстафиндер көпшіліктің ыстық ықыласына ие болды.
Сахнаға келесі болып аудандық Зұлқарнайұлы Мұса қажы атындағы мешіттің бас имамы Қадырбек Исмаилов шықты.
– Жиырма бес жылға енді аяқ басқан жас ел үшін алда талай асу бар, атқарылған іс те аз емес. Бүгінде еліміз ұстанған бағыттың дұрыстығын Президент Нұрстұлтан Назарбаев та өз сөзінде айқындап берген еді. Тәуелсіз еліміздің туы жығылмай, бес уақыт намазымыз бұзылмай, бір атаның ұлындай, бір ананың қызындай, тату – тәтті болып жүрейік. Барлық Меңдіқара тұрғындарын жаңа мешіттің салынуына бір кісідей атсалысуын шақырамын, – деді ауданының бас имамы.
Содан соң барша жамағатқа арнап ас берілді.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суреттерді түсірген автор
Аудандық әкімшілік пен ардагерлер кеңесінің жоспары бойынша осы мешіттің көлемі 18 шаршы метр болмақ.
18 шаршы метр деген бір кишкентай бөлме гой, мақаладағы мәліметте қате кеткен сияқты.
Ақпарат мына сайттан алынды: https://old.kostanaytany.kz