Жыр арқауы – Астана

Оқушылар арасындағы облыстық «Жас тұлпар» дәстүрлі айтысы да өз мәресіне жетті. Биыл 26-шы рет сөз жарысына түскен өрендердің қасиет тұнған Әулиекөл жерінде бас қосқанын айта кетейік. «Жас тұлпарлықтар» дәл осы ауданға тура ширек ғасыр салып оралып отыр. «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында ұйымдастырылған биылғы жыр додасы Елорданың 20 жылдығына арналды.WhatsApp Image 2018-04-28 at 11.45.20
Бұл жолы өңіріміздің аудан-қалаларынан 16 ақын 8 жұп болып сөз қағыстырды. Бұған дейін сөз додасына түсіп үйреніп қалғандар мен алғаш рет сахнаға шығып, жарқ етіп көзге түскендер де баршылық. Осындай ел ықыласына бөленген түбітқанаттың бірі әулиекөлдік Айбек Ғабдуллин екенін айта кеткен жөн. Сөз саптасы кесек, шумақтары жұмыр, шымыр. Тарихтан кең көсіліп толғау жағынан алдына жан салған жоқ. Әрі тақырыпты да орамды аша түсті. Өзін «Өр ақын Әсияның сынығымын» деген Айбек қарсыласы Данияр Нығматовқа «Құлагердей көсіліп шапқың келсе, Ақандай алдан шығып жол қарайын» деген теңеуі өте ұтымды шығып жатты.
Көпшілікті елең еткізген тағы бір жұп – тарандық Еркебұлан Әсет пен Сарыкөл ауданының үкілеген аруы Құндыз Адырбаева. Еркебұланның қарсыласына: «Құндыз қызға аспандағы жұлдызды алып берем», – дегеніне, Құндыз да қарап отырмай оны: «Жұлдыз алып берем деп қиялдамай, Ауданыңды Бейімбет деп өзгертіп ал», – деп әзіл де болса ащы мысқылмен түйреп өтті. Еркебұлан биыл ауданның Майлин атауын алған құрметіне дүркіреген той өтетінін айтып, көрермен мерейін көтеріп тастағанын айтпайсыз ба! Лайым солай болғай дегеннен басқа айтар жоқ.
Ал алтынсариндік Ерасыл Рашиттің әулиелі мекеннің жер атауларын әдемі сөзбен өрнектей келе, «Бір ғана Әулиекөлдің құшағына Астананы әкелсе де сияды екен» түйіні залдағы ағайынның мерейін өсіріп жібергендей. Ерасыл жанкелдиннен келген қарсыласы Бекзат Нұрмұхамедті «Ұстазың Байбатыр Торғайдан ақын таппағандай, Сужарғаннан өзінің туысын әкеліпті» деп түйреп алды.
«Ұстазың Балтасар мен Тобалардай,
Көтерген алып таулар Толағайдай.
Ал өзің қайдан келдің қаңғалақтап,
Тасқыннан қалып қойған шорағайдай».
Бұл – шумақ Алтынсарин ауданынан келген тағы бір жас өрен Ержан Сәндібектің аманкелділік Жауынбай Жылқыбайұлына қарата айтқан әзілі.
Көрермен көзайымына айналған тағы бір жұп – Қостанай қаласының атынан шыққан Досбол Мысыр мен рудныйлық Жамбыл Тоққожаев болды десек, артық айтқандық емес. Құртақандай екеу жеңіл қалжың, шымшыма сөздерімен көпшілікті күлкіге батырып отырды.
Ал жітіқаралық Әл-Фараби Төрезат пен арқалықтық Талғат Рағатов сайысының бірлікке үндеуі жарасып-ақ тұр. Әсіресе, Талғаттың «не мен келін, туыс пен туыс, билік пен бұқара айтыспай, айтыс тек ақындар арасында ғана болсын» дегені елді тәнті қылды.
Сегіз жұптың негізгі жыр жарысы аяқталған соң жоғары ұпай алған төрт айтыскер ақтық додада қысқа-қысқа сөз қағыстырып, сұрақ-жауапқа көшті.
Үшінші орынға тағайындалған төрт жүлдені Досбол Мысыр, Ержан Сәндібек, Жауынбай Жылқыбайұлы, Жамбыл Тоққожаев бөлісті. Екінші орынның сыйлығы Еркебұлан Әсет пен Талғат Рағатовтың қанжығасын майлады. Бірінші орын әулиекөлдік Айбек Ғабдуллинге бұйырды. Ал айтыстың бас жүлдесін аманкелділік Жанболат Мықыш иеленді. Айта кетейік, белгілі айтыскер ақын Бүркіт Бекетовтің шәкірті Жанболат жақында оқушылар арасындағы республикалық «Ақберен» айтысына қатысып, жүлделі екінші орынмен қоса, Қарағандыдағы «Болашақ» академиясының оқу грантына ие болып оралыпты. Бұл жолы сарауыз балапандарды баптағандар арасынан газетіміздің Торғайдағы тілшісі Байбатыр Ахметбеков «Үздік тәлімгер» атанды.WhatsApp Image 2018-04-28 at 11.45.19
Облыстық мәдениет және білім басқармалары атынан берілген жүлде қорынан бөлек, Әулиекөл ауданының әкімі Жансұлтан Тәукенов талапты жастарға бірнеше аталым бойынша ақшалай сыйлық тағайындапты.
 
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓