Әр сүйемнің сұрауы бар

жерБүгінде ауылшаруашылық саласында болсын, иә болмаса белгілі бір құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жер телімдерін сұрайтындар көп. Бірақ, олардың  кейбірі меншігінде учаскелерді тиісті мақсатқа жұмсап жүр ме? Өкінішке қарай, бұл мәселе әлі күнге дейін өзекті мәселеге айналып тұр. Облыс әкімдігінде өткен кезекті аппарат мәжілісінде өңір басшысы Архимед Мұхамбетов әр сүйем жердің сұрауы бар екендігін ұқтырды. Яғни, жер телімдерін алуын алғанмен, оны кәдесіне жаратай алмай отырғандармен күресті күшейту қажеттігіне баса назар аударды.
        Облыстық жерді қорғау және пайдалануды бақылау жөніндегі басқармасының басшысы Нұрлан Әбдуовтың айтуынша, өткен жылы басқарма 391 тексеру жүргізген. Соның нәтижесінде 225 заң бұзушылық анықталып, 27,8 млн теңге айыппұл салыныпты. 19,8 млн теңге облыс бюджетіне қайталылды. Қалған соманы өндіріп алу үшін қазір сот орындаушылары жұмыс істеп жатқан көрінеді.
      Басты себеп – мемлекет меншігіндегі жер телімдерін заңсыз иелену, коммерциялық құрылысқа арналған жерлердің еш кәдеге аспауы, ауылшаруашылық мақсатындағы алқаптардың игерілмеуі.
      -Мемлекет меншігіндегі жерді заңсыз иелену фактісі бойынша 76 заң бұзушылық анықталды. Яғни, 388.2 гектар жер телімі пайдалынылмай, бос жатыр. Кейбіреуінің жалға алу мерзімі әлдеқашан біткен. Енді біреулері жерді қоршап, құрылыс материалдарын үйіп қойғанмен, басқа қозғалыс жоқ. Оларға 13,5 млн теңге айыппұл салынды,-дейді басқарма басшысы кеңесте. – Мұның сыртында ауылшаруашылық мақсатындағы 552,5 мың гектарға қатысты 102 факт тіркелген. Қазір жауапкершілік міндеті жүктелген серіктестіктер жіберген кемшіліктерін түзеп жатыр.
       Мәселен, Қарасу ауданындағы «AstanaGrand Trade» ЖШС-і  жүзден астам қара мал өсірумен айналысады. Шаруашылық 5,9 мың гектар жайылымдық жер алған. Ал Ұзынкөл ауданындағы «Пресногорьковка» ЖШС-і 3,2 мың гектар алғапты өңдеу үстінде. Дегенмен, көбісі алған жерлерін пайдаға асыра алмағандықтан, ерікті түрде бас тартып жатқан көрінеді.
       Сондай-ақ,  коммерциялық құрылысқа арналған 17.7 гектар жердің босқа жатқаны белгілі болды. Яғни, 21 учаскенің иелері «шөп басын сындырмаған». Бұлардың барлығына ескерту жасалып, тиісті шаралар қолданылды.
        Кеңесте басқарма басшысы 2017 жылы сынық сүйем жер сатылмағанын мәлімдеді. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов керісінше жерді сатуға қатысты аукциондардың мейлінше көбірек өткізілуі тиістігін айтты. «Жер телімдерін беруді конкурс арқылы шешкеннен гөрі аукцион арқылы өткізген дұрыс. Онда түсім де молаяды және бәрі әділ өтеді. Сондықтан, осы жағын ойластырған жөн»,-деді өңір басшысы. Ол өз орынбасарларына жерді мақсатты түрде пайдалануды бақылауда ұстауды  және жекеменшік тұрғын үй құрылысына тиесілі жер телімдерін анықтауды тапсырды.
        -Соңғы екі-үш жылдың бедерінде біз бірнеше мың гектар жер телімін бердік. Оны кейбір пысықайлар өз меншіктеріне қаратып алған соң, қайта сатып жібереді. Ал ол жерлерге жол салынды, инженерлік жүйе тартылды. Оған қаншама қаражат жұмсалатынын сіздер жақсы білесіздер. Ендеше, бұл мәселе оңтайлы шешілуі тиіс,- деді А.Мұхамбетов.
Әлібек ЫБЫРАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓