Цой қазақстандықтарға үндеу жасады
ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирустың "үнді" штамының пайда болуына байланысты қазақстандықтарды белсенді түрде екпе алуға шақырды, деп хабарлайды zakon.kz.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда әр жетінші қазақстандық вакцина қабылдаға.
"Сіз адамдар күтіп отыр дейсіз, алайда басқа вакцинаны күтіп отырудың қажеті жоқ. Қазақстан аумағына таралған вакцинаның барлығының да қауіпсіз, тиімді, тексеруден өткендігін түсінгеніміз абзал. Бұл вакциналармен бүгінге дейін 2,9 млн-дай адам егілді. Әсері жақсы, вакцинаның көмектесіп жатқанын да көріп отырмыз", – деді А.Цой Орталық коммуникация қызметінде өткен брифингте.
Сондай-ақ, ол Қазақстанда бүгіннің өзінде вирусты қайталап жұқтырудың 727 дерегі тіркеліп отырғанын айтты.
"Селсоқтықтан арылу керек. Бір рет ауырып тұрып, енді сырқаттанбаймын деп ойлайтын адамдар қателеседі. Мұндай статистикалар бүкіл әлем бойынша тіркеліп жатыр – өте көп адам науқастанып жатыр, тіпті аса ауыр халде. Өкінішке қарай, мерт болғандар саны да тұрақтар емес, көріп отырсаңыздар. Сондықтан өзіңізді, отбасыңызды қорғау үшін міндетті түрде егілуіңіз қажет", – деп тәптіштеді министр.
Мәлімет бойынша, Қазақстанда күн сайын 90-100 мың адам екпе алады екен. Вакцина қабылдаушылар үлесін арттыру үшін сауда орталықтарында түрлі ұтыс ойындары өткізіліп, дүкендерде белгілі бір тауар түрлеріне жеңілдіктер жасалуда.
"Біздің вакциналанудан басқа пандемиядан шығатын жолымыздың жоқ екенін еліміздің әр азаматына жете түсіндіре алу аса өзекті міндетімізге айналып отыр. Қазір ешқайсымыздың бұдан артық бұғауда отырғымыз келмейтіні шындық қой", – деп түйіндеді А.Цой.