Ректорлар сайланатын болады
Қазақстанда мемлекеттік жоғары оқу орындарының ректорларын тағайындаудың жаңа ережелері енгізілмек. Бұл туралы ҚР білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды. Осы уақытқа дейін университет басшыларын министр анықтап келген. Биылдан бастап ректор сайлау арқылы белгіленетін болады.
"Ашық конкурстық іріктеу құрамына зиялы қауым өкілдері, кәсіпкерлер, жергілікті атқарушы орган өкілдері және қоғамның белсенді мүшелері кіретін университеттің бақылау кеңесінің қатысуымен өтеді. Ректорлық лауазымға үміткерлер университеттің даму бағдарламасын көрсетуі керек және іріктеудің барлық талаптарына толықтай сәйкес келуі тиіс. Бақылаушы кеңес мақұлдаған жағдайда өз шешімін Республикалық байқау комиссиясына жібереді. Олар үшеуден артық кандидат таңдауға құқылы емес. Одан әрі үміткерлер премьер-министрдің әлеуметтік салаға жетекшілік ететін орынбасары басшылығымен Респбуликалық комиссияның әңгімелесу кезеңінен өтіп, соңғы ұжымдық шешімді күтеді",-дейді ҚР БҒМ.
Ведомствоның бағамынша, бұл жаңашылдық тағайындаудың ашықтығын қамтамасыз етіп, оқу орнының сапалы дамуына септігін тигізеді деп күтіледі. Бақылаушы кеңестің тізімі университеттердің сайтында жарияланады. Ал енді кандидаттарды іріктеу үрдісінің басталуы таяу күннің еншісіндегі шаруа.