Көмейлеріне бұлбұл ұя салған
Қостанайда осымен 16-рет "Алтын микрофон" халықаралық вокалды конкурсы өтті. Биыл қатысушылардың жас айырмашылығынан бөлек (кіші, орта және үлкен) "Кәсіби" дәрежесі қосылды. Бұл байқауға 18-21 жас аралығындағы үміткерлер бақ сынасты.
Биыл байқау алғаш рет әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирге шықты. Астаналық вокалшы көп "лайк" жинау арқылы оңаша жүлдеге ие болды. Ал жалпы биыл Қазақстан, Ресей, Армения, Беларус елдерінен 70 жас өнерпаз қатысты. Олардың өнерін ҚР, Литва, Белоруссия, Армения елдерінің қазылары бағалады. Финалға 21 адам өтті. 10 жасқа дейінгі қатысушылар арасында қостанайлық Полина Косенко, 11-13 жас аралығында Ереван қаласынан келген Мане Акопян жеңіске жетті. 17 жастағы әншілер арасында жерлесіміз Әлия Нәмиялиева үздік деп танылды. "Кәсіби" аталымында рудныйлық Мейірхан Назарханов алдына жан салған жоқ.