Саясаткер әйелдер бас қосты

Бүгін Қостанай облысының саясаткер әйелдер клубы мен “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен өңірге белгілі көшбасшы әйелдер қауымы қаламыздағы “Глория” мейрамханасында кезекті рет басқосты.

Screenshot_2018-04-20-21-06-35-1 Отырысқа облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Б.Аққожина, Ақмола облыстық саясаткер әйелдер клубының төрайымы Е.Мащинская, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы А.Маркова, облыстық саясаткер әйелдер клубының төрайымы Р.Бектұрғанова және аудан, қалалардағы саясаткер әйелдер клубының өкілдері қатысты.

Былтыр ғана құрылған облыстық саясаткер әйелдердің клубы бүгінде нәзік жандыларды мемлекеттік және қоғамдық-саяси жұмысқа тартуда, олардың бойына көшбасшы болу сияқты қасиеттерді дамытуда сәтті жұмыс жасап келеді.

-Біздің клуб өткен жылдың мамыр айынан бері жұмыс істеп жатыр. Бүгінде аудан, қалаларда да саясаткер әйелдер клубы құрылды. Мақсатымыз – мемлекеттік және қоғамдық-саяси жұмыстарға ұсыну үшін әйелдердің кадрлық қорын қалыптастыру, өзекті әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси мәселелерді шешу бойынша идеялар мен жобалар, бастамалар қорын жасау. Ал, ол үшін ең алдымен нәзікжандыларды оқытуымыз керек. Осы орайда, бүгін көшбасшы әйелдер тек басқосып қана қоймайды, оларды облыстық әйелдердің саяси көшбасшылық мектебі болашақ мәслихат сайлауына депутаттыққа кандидат болуға оқытатын болады. Бүгінгі шараға өңірімізге танымал, ең беделді, іскер, көшбасшы әйелдер жиналып отыр. Сондай-ақ, басқосуда әр салада еңбек етіп жүрген өңірге белгілі іскер әйелдеріміз өздерінің тәжірибелерімен де бөлісетін болады, – дейді облыстық саясаткер әйелдер клубының төрайымы Р.Бектұрғанова.

Басқосуда сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Б.Аққожина әйел адамның қоғамда алар орнына тоқталып, саяси сала қатарында нәзікжандылардың санын әлі де арттыру қажеттігін тілге тиек етті.

-Бүгінде нәзікжандылар қоғамның қай саласында болмасын ерлермен бірдей иық тіресіп қызмет етіп келеді. Әйелдердің жұмысқа асқан жауапкершілікпен қарайтыны да жасырын емес. Әсіресе, соңғы жылдары елімізде депутаттық корпуста, тіпті облыс әкімдерінің орынбасарлары қызметіне тағайындалған әйелдердің үлесі артып келеді. Мәселен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутатттығына сайланған үш жерлесіміздің екеуі әйел адам. Өңірдегі барлық деңгейдегі 301 мәслихат депутатының 94-і әйелдер, яғни 31 пайызын құрап отыр. Бұдан бөлек, өңірімізге ғана емес, елімізге де есімдері жақсы таныс саясаткер әйелдер аз емес. Олар – Б.Баймағамбетова, О.Киколенка, В.Семенова, Р.Бектұрғанова, Л.Мацупа сияқты көптеген нәзік жандыларымызды мысалға келтіруге болады. Әлі де атқарушы органдарда әйелдердің санын арттыруымыз қажет, ол үшін нәзікжандыларымыз да білікті, білімді болу керек. Қазір еліміздің әр өңірінде көшбасшы әйелдер мектептері ашылуда. Онда әйелдер арасында тренингтер мен шеберлік сыныбы өткізіледі. Мұндай мектептердің берері де мол, – дейді Бибігүл Бүркітқызы.

Түскен кейін облыстық саясаткер әйелдердің көшбасшылық мектебінің тренерлері отырысқа жиналған нәзікжандыларға дәріс беріп, тәжірибелі спикерлер пайымды пікірлерімен, ұтымды ұсыныстарымен бөлісті.

Қ.МАРАТҚЫЗЫ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓