Қалдықты құртпен құртыңыз
Тамақ қалдығын құрттың көмегімен құртуға болады. Қостанайлық оқытушы Наурызбек Бірмағамбетов экологиялық мәселені шешудің биологиялық жолын ұсынды. Ол бұл үшін жер құрттары тіршілік ететін қорап, яғни вермикомпостерлер жасауды қолға алды. Оқымысты осы жобасының таяу уақытта сұранысқа ие боларына сенімді.
Қостанайда қазіргі уақытта пластикке, лампа мен батареяларға арналған жеке-дара қоқыс жәшіктері кез келген жерде бар. Бірақ ет, өсімдік тағамдарының қалдықтары, қағаз және басқа да қоқыс-күресін бір контейнерге сұрыптаусыз тасталып жүр. Бұның қала экологиясына кері әсерін тигізіп жатқаны сөзсіз. Қоршаған ортаның ластанғанына бейжай қарап отыра берудің мәнісі жоқ. Осы үлкен мәселені кішкентай құрттардың көмегімен шешуді М.Дулатов атындағы ҚИнЭУ оқытушысы Наурызбек Бірмағамбетов қолға алды.
Оның ұсынысы – пәтерлерде вермикомпостерлер орнатуды әдетке айналдыру. Бұл – жер асты құрттары тіршілік ететін пластикалық қорап. Жәндіктер кез келген тағам қалдығын артық иіссіз, еш зиянсыз жеп құртып, оны "биогумус" аталатын тыңайтқышқа айналдырады. Жоба авторы бұл жәндіктерді ұзақ зерттеген. Олар – табиғи ортаға әу бастан осындай пайдасын тигізуге жаралған мақұлықтар. Жердің жоғарырақ қабатында тіршілік ететін құрттар қураған жапырақ, шөптермен қоректеніп, топырақты тыңайтуға "қызмет етеді" екен. Сырт көзге сүйкімсіздеу көрінгенімен, бұлардан пайда көп көрінеді.
"Вермикомпостер жасау идеясы басыма төрт жыл бұрын келді. Бірақ оны іске асыру – бір төбе, оның пайдасын, компосттық құрттардың қалай "жұмыс істейтінін" адамдарға түсіндіру – өз алдына үлкен бір ғылыми шаруа. Бұл тақырыпты көп зерттедім. Қазір көп мәлімет бере аламын. Мәселен, жегі құрттар жарықты жақтырмайды, жәшікті қараңғыда ұстаған дұрыс", – дейді Наурызбек. Мұндай арнайы жәшіктер 3 мың теңге тұрады. Екі секциялы "үйшіктің" үстіне топырақ пен жүзге тарта құрт, жоғары қабатына асүй қалдықтары тасталады: көкөніс, жеміс-жидек, шемішке қабықтары, т.б. Құрттар бөлетін тыңайтқыштарды көшетке, гүл отырғызуға пайдаланса болады. Ең бастысы, бұл жоба экологияға бейжай қарамайтын жандардан қолдау табары сөзсіз.
Наурызбайдың жоспары ауқымды. Оның ойынша, таяу болашақта вермикомпостерлер мейрамханаларда қолданыла бастаса, қоршаған ортаға келер залал азаяр еді.
"Ал құрттар бөлетін "биогумус" тыңайтқыштарын тұтынып, қияр-қызанақ ексе артық емес. Осылайша, қалдықсыз өндіріс айналымын жүйеге келтіруге болады", – дейді ол.
Шынымен де, экологиялық мәселемен күресуде табиғат-ананың өзі ұсынған мүмкіндікті неге пайдаланбасқа?!
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков