Тегін білген

Өзіндік бір  сүйкімділігі бар әнші Қуандық  Рақымның сүйкімді ән-дері де  бар. Соның бірі  "Мен қазақпыны" тыңдағанда қаныңды қыздыратын бір құдіретін сезесің. Сезе отырып, осы ән сөзінің алғашқы жолы  "Қазақ болып тумағанда нетер ем" деп басталып әрі осы бір ауыз сөз шумақ сайын қайталанғанда, келмеске кеткен кеңес заманындағы қай-қайдағыны еске түсіреді.рахым
Жергілікті жетімханадағы қазақ балаларының арасында "қай ұлттың өкілі болуды қалар едің?" дегенге басым көпшілігі қазақ болудан бас тартқанын, ол-ол ма, бір танысымның: "Менен бір қателік өтті, әттең кезінде қосағымды орыстан алмаған екенмін. Онда төр де, өр де менікі болатын еді", – деп шынымен-ақ күйінген. Қаншама түрі қазақтардан сен қазақ емессің бе дегенімізде "Какая разница?", – деп тыжырына, биологиялық қазақ түріне өкінетін сыңайын сезгенде талай шошынып ек. Иә, түрі демесең, қазақ болып тумағандар көп болды.  Ең бастысы – ұлт тілінен де, ділінен де мақұрым еді…
Баяғыда  жолбарыстың буаз  таутаны (ұрғашысы) тау тасында секіріп жүріп, аяқ астынан туып қалады. Жаңа туған шөнжік қас-қағымда таудан домалай жөнеліп, сонау етектегі жайылып жатқан қойлардың  арасына  түседі.  Өзінің  кім екенін білместен шөнжік қойлардың арасында қойларша тіршілік жасайды. Ал күшігінен қаперімде  көз жазып қалған таутан өз бетінше өмір сүре береді. Күндердің күні кәрі таутан аңға шығып,  қой жайылатын далаңқайға  келеді.  Байқаса,  жайылып жатқан қойлардың ішінде бір жолбарыстың  шөнжігін көреді. Ол да қойларша шөп жеп жүреді. Таутан  бірден өз баласы екенін сезіп, тап беріп желкесінен тістеп алып, бұлаққа қарай алып жүреді. Шөнжік: "мені отарыма жіберші", – деп қойша маңырап жалынады. Ал таутан болса, жас шөнжікке: "Сен алдымен судағы түріңе қара", – деп бұйырады. Бала жолбарыс суға қараса, қасындағы жолбарысқа ұқсайтын сұлбасын көріп, таңырқап қарап тұрып, бір уақытта жолбарысша ақырып жібереді. Таутан болса шөнжікке: "Мен өз міндетімді орындадым, ендігісі саған байланысты", – дейді. Сонда шөнжік: "Мен өзім туралы білмейді екенмін. Саған кім екенімді білуге көмектескеніңіз үшін рахмет", – депті. 
Иә, кім екенін білуге…
"Түрім қазақ, тіл қазақ,
Мен қазақпын, мен айтатын жыр қазақ.
Сүйеу болсын, тіреу болсын, мың қазақ,
Сүрінгенде, бүлінгенде бір қазақ" – дейді  Қуандық Рақым. Сүрінген де, бүлінген де аз ба, қазір. Сүйемейміз, тіремейміз, селсоқпыз. Өйткені, көбіміз отар ортасына домалап келген  шөнжіктейміз…       
Қазақ – адамзат   тегінің бір бөлігі.  Оның қанмен беріліп, ғасырлар бойы тұқым қуалайтын қазақы өзіндік болмысы бар. "Текті" деген ұғым қандай дәріп болса, "тексіз" деген жетпіс жеті атасына  дейін  жететін ауыр сөз. "Кімнен кім туады?" – дегенге  Майқы би: "Тұлпардан  тұлпар туады, сұңқардан сұңқар туады, асылдан асыл туады. Жалқаудан масыл туады, масылдан мал бақпас туады, тілазардан қылжақпас туады, таздан жарғақбас туады. Сараңнан бермес туады, соқырдан көрмес туады. Мылжыңнан езбе туады, қыдырмадан кезбе туады" – десе керек. Қалай болғанда да тегін біліп, қадірін түсінгенге не жетсін!

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓