Ұн өндірушілердің мұңы
немесе сыртқы нарық неге жылыстап барады?
Қостанайлық ұн шығарушылардың сыртқы нарықтан айырылып қалу қаупі бар. Бидай өңдейтін кәсіпорындардың дені бүгінде жабылаудың алдында тұр. Осылай деп дабыл қаққан ұн өндірушілер тығырықтан шығар жол іздеп, облыстық кәсіпкерлер палатасына жиналды.
Бұл жалғыз біздің облысқа ғана тән мәселе емес. Елдегі ұн өндірушілердің басым бөлігі банкротқа ұшыраймыз деп қауіптенеді. Сондықтан, ұн өндіруші бүкіл кәсіпкерлер жиылып, бейнебайланыс арқылы өзекті проблеманы шешудің жолдарын қарастырды.
– Біздің мақсатымыз – өңделген өнімдердің экспортын 2,5 есеге дейін ұлғайту, – деді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы департментінің директоры Ербол Есенеев. – Алайда, қазір біз ауған нарығының жартысын жоғалтып алдық. Мәселені бұлай қалдыруға болмайды. Тұйықтан шығар жолды бәріміз бірлесіп шешпесек, ертң кеш болады.
Расын айтқанда, сыртқы нарықтың Қазақстаннан жылыстай бастауы 2011 жылдан басталған. Ал ұн өндірушілер тек өткен жылдан бері ғана дабыл қаға бастады.
– Сол жылдары Өзбекстан ұн шығару өндірісінің қуатын арттыра бастады. Әуелі бізден астық сатып алады, содан соң оны қайта өңдеп Ауғанстанға жөнелтеді. 2013 жылы тасымалдау бағасы 2-3 есе өсті. Содан соң экономика әлсіреді, вагондор да тұрып қалды…
Бұл – нарық! Біз қазір бұл жолда не ұтыламыз, иә болмаса жеңіп шығамыз. Мәселен, менің қарамағымда 200 адам жұмыс істейді. Оларды сақтауым керек, – деді «Асалия» ЖШС директоры Дулат Шаяхметов.
Ал Солтүстік Қазақстан облысындағы «Тимирязев ұн шығару комбинаты» ЖШС бас директоры Иса Аллахяров Өзбекстанның шығарған өнімдері біздегіден анағұрлым арзан екендігін атап өтті. Қазақстандық ұн өндірушілер тауарларын бұлай арзандата алмайды, өйткені, барлық қызметтің тарифі өсіп кеткен. Мәселен, кәсіпкерлер электр энергиясы үшін 4 есе жоғары төлейді.
– Бұрын мен тұтынған электр энергиясы үшін 4 млн теңге төлесем, қазір ол 13 млн теңгеге жетті, – деді Иса Аллахяров. – Тасымалдау мәселесін шешеміз деп тағы біраз жүріп алдық. Өткен жылғы күзде нағыз коллапс болғанын білесіздер, экспортқа ұн жөнелтетін бүкіл вагон табан астында «жоғалып» кетті. Кәсіпкерлер мұны теміржолшылардың кінәсінен болғанын жақсы біледі. Проблема бүгінде әлі толық шешілген жоқ.
– Елімізде 300-дей кәсіпорын қалды, – деді өз сөзінде Ербол Есенеев. – Бұлай жалғаса берсе, күні ертең біздің сөрелерімізді Ресей мен Өзбек ұндары жаулап алады. Айтпақшы, мен сатылымда өзбек ұнын көрдім. Сондықтан, тауар өндірушілер тығырықтан шығар екі жол ұсынып отыр: біріншіден, шұғыл шара қолдану қажет, сосын өнім тасымалдау шығын субсидиялау.
-Біз нақты ұсыныстар әзірлеп, оны Үкіметке жолдауымыз керек,-деді облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Геннадий Кукоба, – Менің ойымша, жаңа нарық ізеуіміз қажет.Мәселен, Қытай. Ондағылар макарон, кондитер өнімдері сияқты дайын тауарларды сатып алуға дайын. Екінші бағыт, ол –астықты тереңдетіп өңдеу. Сон да ғана тиісті нәтижеге қол жеткізуіміз мүмкін.
Геннадий Кукобаның айтуынша, тиісті шара жақын арада қабылдануы бек-мүмкін.
Әлібек ЫБЫРАЙ