“Оқырманнан көмек керек”

5031e263a4a258791d6306b2d3d9dbf6Бізге  Қостанайдың байырғы тұрғыны,  облыс орталығының  Құрметті азаматы, жетпістің жотасына шыққан  Бекқұл Садықов ақсақал келді.
– Сіздердің газет арқылы оқырмандарға қаратып айтар бір өтініш бар – деді, әдеттегі байсалды биязы қалпымен, – бұл көкейкесті мәселеге Газет оқырмандары  араласпаса, бас-қадай амал қалмады.  Міне, биыл  жетінші жыл – облыс өңірі жұртшылығының  көкейкесті мәселесіне айналған мынандай жағдай. Егер бір ауыз сөзге сыйғызсақ: Республикада Қазақстанның солтүстігінен  оңтүстігіне көлік ауыстырып, зарығып жететін  жалғыз аймақ – Қостанай облысы.  Атап айтқанда, Қостанайдан Қазақстанның үш бірдей облысын қамтитын   Тараз,  Шымкент, Сарыағаш, Түркістан, Қызылордаға дейін жолаушылар көлік ауыстырмай, түспей мініп баратын пойыз жоқ. Аты аталған  ел өңірлеріне арқаның алты ай қысында, шілденің шіліңгір аптабында, күздің қара суығында Қостанайдан  шыққан жолаушылар Астана, Шу қалаларынан түсіп  оңтүстікке баратын пойыздарды күтіп, шаршап шалдығып, діңкесін құртып барып мінуге   мәжбүр. Сондықтан да тым  болмаса бірнеше вагондар жасақтау керек. Бұл туралы сол жеті жылдан бері  темір  жол ұлттық компаниясына, көлік министрлігіне, Премьер-министрге дейін хат жаздым. Алған жауап хатым бір том болатын түрі бар..
– Сонда не дейді?
– Жауаптары: "Қостанай – Оңтүстік бағыты – әлеуметтік бағыттар қатарына кірмейді,  қосымша тіркеме және тоқтамай қатынайтын вагондарға республикалық бюджеттен субсидия бөлінбейді, шығыны шаш етектен" деген сияқты…. Алайда, бұл жәй  немқұрайлылық, "жаны ашымастың қасында басы ауырмас" жауап еді.  Өйткені, теміржол мамандары  Қостанайдан Астана бағытындағы кез-келген  пойызға үш-төрт вагон жасақтап, Астанаға барған соң  оңтүстікке ағылып жатқан пойыздарға тіркеп жіберудің ешқандай техникалық та, ұйымдастырушылық та қиындығы жоқ. Айталық, Қостанайдан "Қостанай–Қарағанды" пойызы Астанаға таңғы  04 сағат 40 минутта барады. Ал "Астана–Сарыағаш" пойызы сағат таңғы 06-да жүреді. Қостанайдан  тіркелген  "оңтүстіктік" вагондарды    соған жалғап жіберсе болар еді. Мұның бәрінің шығынын жолаушы билеті мен сервистік қызметтен түскен қаржы толығымен өтейді дегенді әлі күнге дейін айтып отыр.
– Сонымен енді?..
– Сонымен енді болғанда біздің облыс тұрғындары, әр азамат  көлік компаниясына, ҚР Көлік министрлігіне хат жазып, жапа тармағай хабарласса. Солардың сайты арқылы, жеке блогы болсын  тікелей  Астанадағы басшыларға осыны айтса. Міне жеті жыл болды. Мың-мыңдап қол қойылған және өз атымнан көптеген хат  жазылды, қоңырау шалдым. Бәрібір жалғыз-жарымның аты жалғыз екен. Шешілер емес. "Тәйірі, зейнеткер болған соң шырылдай береді" – дейтін болу керек. Баршамыз болып атсалыссақ қой, – деп  Бекең үнсіз қалды.
Біздіңше, мұның стратегиялық, экономикалық, әлеуметтік мәні зор проблема. Алдымен, Елбасы ел ішінде  шағын және орта бизнеске басымдық беріп, оны қарқынды дамытуға айрықша мүдделі. Ендеше еліміздің Солтүстігі мен Оңтүстік  өңіріндегі  кәсіпкерлердің өзара бірлескен,  өзара ортақ құрған кәсіпорын өнімдерін өткізу, сату немесе  жеке жобаларын іске асырып, дамыту, сауда-саттық байла- ныстарын өрістету үшін  барыс-келісі, алыс-берісі жылдам, кедергісіз  болу керек. Бұл жерде адам факторы: жүзбе-жүз,  көзбе- көз  қарым-қатынасының   рөлі зор.
Екіншіден, Президент  үнемі қадап айтатындай  қазақтың ішкі тұтастығы – ең қымбат құндылық.   Солтүстік пен  оңтүстіктегі  ағайындардың  тонның ішкі бауындай  туыстық, татулық, құдандалы-жекжаттық т.с.с. ретімен жақсылық-жамандықта дер ке-зінде қарайласып, қажеттілік туындағанда, оларға қол үшін   беруге  ұмтылар, бас қосар, жүздесіп, дидарласар, мәслихат құрар әлеуметтік бірлігі бар.  Алайда, кейде сол бірлік татулыққа сызат  түсірер, ара суытар фактордың бірі – қашықтықты еңсермеу.
Үшіншіден, отандық туризмды дамыта түсуге сеп боларлық тарихы терең  Торғай даласы, әйгілі  Алтынсариннің, Аманкелді, Әлібидің  мұражай-кешендері,  алаш ардақтылары Шоқан, Ахмет, Міржақыптың   табаны   тиген,  қызмет істеген тарихи елді-мекендер, Науырзым қо-рығы,  қайың-қарағайлы  орманды даламызға шаршамай шалдықпай жете алмайсыз. Жолды қысқартып, уақытты  үнемдеу керек. 
Ендеше жаңа технология заманында өмір сүріп отырып,   алдыңғы қатардағы отыз  мемлекеттің қатарына ілескен Еуропа төріне,  мұхиттың арғы бетіне  жортуылдап барғыш қазақ үшін өз жерінің бір пұшпағынан екінші пұшпағына жетуі мұң- мұқтаж  дегенді айтуға ұятта болса мәжбүрміз.
Жанұзақ Аязбеков
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓