Айтуға оңай емес
Әкем сексен алтыдан сексен жетіге қараған жасында, ауырмай-ақ, қоңыр күзге таман өзінің "Қызылжарындағы" қара шаңырағында дүниеден озды. Жаратқан иемнен төсек тартқызбай, келінге күнімді қаратпай, ешкімге салмақ салмай-ақ кетсем деген тілеуі орындалды. Қайтарынан бір апта бұрын қалада тұратын құрдасы Ысқақты шақыртты. Немересінің сүйеуімен құрдасы да жетті. Бірақ Ысқақ көкем ширақтау көрінді. Сонау құлдыраған бала кезімізді осы кісі бізді көргенде: "Өй әкеңнің!" деп тұра қуатын. Енді міне, шау тартқан, баяғы әдетіне басқысы келсе де, есейіп кеткен шашы бурыл тартқан бізге енді олай деп айтуға батылы бармайды. Оның үстіне көрмегелі де көп жылдар… Екеуі таң атқанша күбір-күбір әңгіме айтып шықты…
Әкем Аязбек Айтбаев небір жантүршігерлік шайқасты көрсе керек. Ондай айқас әсіресе Қара теңіздің оңтүстік жағалауындағы Кавказ жотасының бөктеріндегі Туапсе қаласы аумағында болды. Себебі, осы өңірді алу үшін Гитлер "Эдельвейс" жоспарын жасап, орасан күш жұмсаған. Кеңестің әр қадам жеріне бола жан беруге әр жауынгер дайын еді… Атан жілік атпал азаматтар жер жастанды, қыршынынан қиылды. От пен оқтың арасынан тірі қалғандардың қатарында әкем де бар. Оқ әкемнің оң көзінен тиіп, оң иығы мен қолтығын талқандап тесіп өткен… Менің білетінім осы ғана.
Әкем қабақты, қасы қалың, қыр мұрынды, ақбурыл сақалы мен мұрты да сояудай-сояудай. Мұртының ұзын екі ұшын шиыра сипап қоятын әдеті… Біз Ұлы Отан соғысын көп оқып, кинодан көріп, естіп өскен ұрпақпыз. Бірақ, сол соғысты өз көзімен көрген, жан-тәнімен сезген адам қасымда болса да жарытып әңгімесін тыңдаған жоқпын. Өйткені, әкем соғыс туралы айтқысы келмейтін. "Оны қайтесің, құдай сендерге көрсетпей-ақ қойсын" дейтін де қоятын. Сол сәтте түнере қалып, бір суық үнсіздік орнағандай болатын. Одан әрі әкеме бірдеңе деуге батылым бармайтын. Себебі… себебі түсінікті сияқты…
Соғыс әкемнің жалындаған жастық шағын ойран етті. Екі айналып келмейтін адамның қысқа өмірінің ең бір шырын шағында азап көрді. Көз алдында жаңа ғана арқа-жарқа жүрген қанды көйлек дос-жолдастарының бірінің басы ұшып түсіп, бірінің қол-аяғын жұлып түсіп, қызыл-жоса қан, қасіретті ойран, баудай қырылған адамдар… Мұндай қасіреттің жүректі ұшырғаны, жаныңды қан жылатқаны аян. Тұла бойыңды, жұлын-жүйкені қуалай мелдеткен қайғы-нала. Мұн-дайда айтуға ерін де илікпейді. Айтуға оңай емес. Не деп айтады? Аузын ашса, жүрек айниды. Қасіретті қалай үлгі етеді?! Қайтпаған қайсарлық, жүрек жұтқан батырлық болды. Бірақ, ол айтуға оңай емес. Батыр болайыншы, ержүрек атанайыншы деп отқа түскен жоқ. Атым шықсын, даңқым артсын деп кеудесін оққа тосқан жоқ. "Ажалға тура ұмтылғанда көз алдыңа өз туған шаңырағың елестейді" деген сөзді майдангерлерден талай естідім. Ал енді, оны айтамыз, адам қартая бастағанда туған жерін жиі есіне алып, өлсем туған топыраққа қойса дейтін инс- тинкте не құдірет бар?
Ендеше, Жеңіс үшін қан төккен, арманда кеткен боздақтар, көзі тірі ардагерлер туған жері мен елі үшін терледі, бар қайрат-күшін сарп етті. Ең қымбат ғұмырын құрбан етті. Ендеше, оларды қалай әспеттесек те лайық! Әруақтарына, рухына бас июіміз – адамдығымыз.
Ал, енді тылдағы мылтықсыз майдан да жан мен тән азабын тартқызды. Әже-апаларымыз күндіз-түні жол тосып жүріп жанкешті еңбек етті. Бәріміз де оқыдық қой, Сайын Мұратбековтың "Жусан иісі" әңгімесін есіңізге алыңызшы. Әкесі соғыстан оралмаған бір аяғын сылтып басатын Аянның өксік-наласы, жас балалардың күні-түні жұмыс істеуі, аш қарын, қара суықтың өті – қасірет. Адам баласы мұндай қасіретке жаралмаған. Бірақ тылдағы еңбектің орасан зор маңызы бар, ол қандай құрметке де лайық.
Әкемнің соғыс туралы айтқысы келмейтінін осылай түсінем. Ол майдандастарын қатты қадір тұтты. Соғысқа қатысқандарды танысын-танымасын төрге шығарып, құрметтейтін. Күнделікті өмірде тарыққан, қиналған кісі көрсе қолынан келген жақсылығын аямайтын. Не нәрсеге де кеуде кергенін, асылық сөйлегенін көрген-естіген емеспін. Ауыл-аудан өңірінде бізді "Аякеңнің баласы " деп сыйлайтын еді…
Жеңіске жетпіс жыл! Біреу-лер соғыс көргендер азайды, тіпті, жүріп-тұруы мұң. Енді дәл мұндай мереке бола қоймас дегенді айтып қалып жүр. Бірақ ұрпақтан – ұрпаққа, жүректен – жүрекке жеткен қасірет, қанмен келген Жеңіс ұмытылмайды. Егер біз әкемізді ұмытсақ, онда Жеңісті де ұмытқанымыз.
Әл-әзір жадымыз сыр берген жоқ.
Жанұзақ Аязбеков