Аялай білсе, жер жомарт 

           Тобыл өңірінде науқандық жұмыстарға әзірлік барысы қыза түсті.  Дән сіңіруге тиісті барлық техника жөнделіп, сапқа қойылды. Облыстық ауылшаруашылық басқармасы берген мәліметтеге сүйенсек, биыл барлығы 5 миллионнан астам гектар алқапқа егін егіледі. егіс
           Дегенмен, жылдан жылға бидай алқаптарының көлемі азайтылып келеді. Мәселен, үстіміздегі жылы барлығы 3 млн 487 мың гектарға  бидай тұқымы себіледі. Керісінше, арпа егілетін алқап 32 мың гектарға ұлғайған.  Бұршақ тұқымдас дақылдар да 32 мың гектарға, қарақұмық алқабы 1,4 мың гектарға артты. Майлы дақылдардың көлемі 444,3 мың гектарға өскен. Бұл жер емген шаруалар үшін өте тиімді дейді мамандар. Өйткені, қазіргі нарықта бидай бағасынан гөрі майлы дақылдарға деген сұраныс зор. Оның үстіне олардың өзіндік құны екі-үш есе жоғары. Диқандарды толғантқан ендігі бір мәселе, ол топырақтың құнарын арттыру. Онсыз мол өнім алам деу әбестік. Мемлекет те бұған мүдделі. Сол үшін жыл сайын Үкімет тарапынан бөлінетін демеуқаржы көлемін ұлғайтып, жермен жұмыс істей алатын кәсіпкерлерді қолдап отыруды ұмытқан емес.
           Біздің облыс жағдайында шаруалар  биыл 22 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алуды көздеп отыр.  Бүгінгі күннің өзінде оның 14 мың тоннасын сатып алуға келісім-шарт жасалған.Тағы 7 мың тонна тыңайтқыштың ақшасы төленді. 4,7 мың тоннасы жақын арада астықты өңірге жеткізілмек. Бұған барлығы 1 млрд 177 млн теңге субсидия бөлініпті.
Егіс жұмыстарына минералды тыңайтқыштардың көмегі зор. Өйткені, жыл озған сайын топырақтың құрамындағы қарашірік азайып барады. Мәселен, соңғы он жылдың бедерінде оның проценттік мөлшері 3,3%-ке әрең жеткен. Ал норма бойынша ол 3,5-4% болуы тиіс.
Облыстағы егістік алқаптарындағы зерттелген топырақтың 55%-і жеңіл гидролизді азоттың төмендегенін, ал 36%-інде фосфордың жылжымалы формасы кеміп кеткен. Бұл тенденцияны шұғыл өзгерту үшін минералдық және органикалық тыңайтқыштар көлемін арттыру қажет.
Соңғы жылдары елімізде алқаптарды тамшылатып суару белсенді жүзеге аса бастады. Осы арқылы ауылшаруашылық өндірісін жандандыру көзделген. Сондықтан Ислам даму банкі мен Еуразия қайта құрылымдау және даму банкі жеңілдетілген несие бөлініп отыр.
Біздің облысқа көршілес Солтүстік Қазақстан облысы суармалы алқаптарды 28 мың гектарға, Ақмолада 44 мыңға, Ақтөбеде 76 мың гектарға ұлғайтқан.  Тобыл өңірінде бұл жұмыс әзірге қолға алынған жоқ.
-Облыста Тобыл, Әйет, Желқуар өзендерінің айналасындағы алқаптардың мүмкіндігі зор. Бұл Қамысты, Жітіқара, Денисов, Таран, Қостанай, Меңдіқара аудандары мен Арқалық қаласы үшін өте маңызды. Мәселен, Қамысты ауданындағы Борис Князев басқарат «Алтынсарин» ЖШС-ін алыңыз. Айдалада, сусыз жерде орналасқан шаруашылық қолдан қазылған қазандықтан су құбырын тарту арқылы жем-шөп өсіруге 250 гектар тамшылатып суаратын алқапты кәдеге жаратып отыр. Аудан, қала әкімдері осы мәселені жан-жақты зерттеп, жақын арада облыстық ауылшаруашылық басқармасына өз ұсыныстарын жіберуі тиіс. Өйткені, тамшылатып суару тәсісілі біздің өңір үшін аса қажет технологиялардың бірі, – дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов.
Ғ.Нұрмұхамбетовтің сөзінше, техникалардың көктемгі егіске әзірлігінің төмендігінен дән сіңіру жұмыстары кешеуілдеп қалады. Көптеген техникалардың тозығы жеткен, жиі бұзылады. Бүгінгі таңда облыста 24 мың трактордың жиырма мыңдайы немесе 83%-і көнерген. Облыс әкімінің бірінші орынбасары аудан, қала әкімдеріне қолда бар техникаларды көктемгі дала жұмыстары басталғанша әзірлеп, жыл сайын техника паркін кемінде 4-5%-ке жаңалап отыру қажеттігін қадап тапсырды.
Биыл науқандық жұмыстарға 71 мың тонна дизельдік отын бөлінді. Оның 1 литрге шаққандағы құны 151,5 теңгеден айналады. Бұл үлкен жәрдем. Әйтпесе, бөлшек саудада жанар-жағармайдың бір литрі 167 теңге. Шаруашылықтар сұйық отын бағасын уақытылы төлеп, дер кезінде тасып алғаны жөн. Мұны аудан, қала басшылары қатаң бақылауда ұстамақ.
Үстіміздегі жылы облыстың ауылшаруашылық саласын дамытуға мемлекет 27,3 млрд теңге субсидия бөлді.Оның 10,9 млрд теңгесі өсімдік шаруашылығына, 5,3 млрд теңгесі мал шаруашылығына, басқа мақсатқа 11,1 млрд теңге қаржы қарастырылған. Ауылшаруашылық мақсатына бөлінген барлық қаржы-қаражат «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жүзеге асырылады. Өткен үш айдың бедерінде 3,8 млрд теңгеге бағаланған 106 өтініш қанағаттандырылыпты. Бұл жылдағыдан екі есеге артық. Бұл мақсатқа 6 млрд теңге бөлінген.
Ауылшаруашылық тауар өндірушілері екінші деңгейлі банктер мен шағын несие ұйымдарының да қызметін пайдалануы тиіс. Жалпы, көктемгі егіс жұмыстарын тыңғылықты атқару үшін облыста барлық материалдық-техникалық және қаржылық ресурстар бар.
 
Әлібек ЫБЫРАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓