Тұрғындар таңдау жасауда
Облыс орталығында сайлау науқаны қызу басталды. Қостанайлықтар азаматтық міндетін орындауға, өз таңдауларын жасауға асығуда. Мәселен, КСК шағын ауданындағы Студенттер сарайында орналасқан №855 сайлау учаскесінде 2551 адам тіркелген болса, сағат 11.00-ге дейін 600-ге жуық тұрғын дауыс беріп үлгерген. Осы учаскеге келіп, өз таңдауын жасаған жандардың бірі – Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова. Апамыздың осынау маңызды саяси оқиға туралы пікірін сұрап білдік.
"Сайлау деген әр елдің тағдырына, келесі бір тарихи белескеұмтылуына серпін беретін аса маңызды науқан деп есептеймін. Кейбіреулер "сол сайлауда не бар? Бізге қарап тұрған жоқ" деп шолақ шешім шығарып жатады. Менің ойымша, сен өзіңнің ата заңмен бекітілген азаматтық құқығыңды пайдаланып, өз көзқарасыңды қалайда бірліруің керек. Өз дауысыңның маңызды екенін сезінуің қажет. Қазір не көп, партиялар көп болып тұр ғой. Шыны керек, арасында үйірме сияқты париялар да жоқ емес. Қолынан шынымен іс келетіндері бар. Сөзбен сарай салғанша, қолмен қора тұрғызған артық деп ойлаймын. Сондықтан шынымен халықтың жағдайын ойлай алатын, өздерінің сайлауалды бағдарламасын іске асыруға қаржылай да, басқару жүйесінде де мүмкіншілігі бар партияны қолдау керек. Өзім жақсы білетін, қоғамда абыройы асқақ, өздерінің іскерлігімен, азаматтық беделдерімен көрініп жүрген біраз партия бар. Солардың біріне дауысымды бердім. Әрине, ешкімге белгілі бір партияға дауыс бер деп айтпаймыз, бірақ сайлауға немқұрайды қарау жөн емес. Егер сен сенім білдірмесең, үйде отырып алып "осыны неге жасамадың?" деп кінәмшіл пікір айту дұрыс емес. Мысалы, сайлауалды бағдарламадарын таныстыруға әр партиядан үміткерлер келіп жатқанда көбісі "өй, осылар не жарытар дейсің?" деп, бармай қояды. Оның орнына нақты бір партияға сеніміңді артып, қарыз берген сияқты дауыс беріп, "мен дауысымды саған қарызға беріп отырмын, сен соны қайтар" дейтіндей адамда бір әрекет болуы керек. Көрмей, білмей, естімей, тон пішуге болмайды деп ойлаймын. Бір сөзбен, барша қазақстандықты ел тғдыры үшін таңдау жасауға шақырамын", – деп пікір білдірді Әсия Әйіпқызы.
Учаске комиссиялары айтқандай, әзірге ешқандай ережебұзушылық тіркелген жоқ. Барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталуда.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков