Спорт алаңы ашылды
Ұзынкөл ауданының Троебрат елді мекенінде әмбебап спорт алаңы ашылды. Бұл нысанға жергілікті тұрғындар жыл бойы тегін тұтына алады. Спорт алаңы «Samruk – KazynaTrust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қорының демеушілігімен салынды. Жастар жылына орай бүкіл елде жастарды салауатты өмір салтына дағдыландыру, шығармашылық әлеуеттерін дамытуға ден қойылуда. Соның бір жарқын көрінісіндей Троебрат ауылында бұрын-соңды болмаған көп функциялы спорт алаңы ашылып отыр. Жергілікті қоғамдастықты, бизнес-құрылым өкілдерін ізгі іске біріктіре білген аудане әкімі Қайрат Әбішев өңірге қарасты барлық елді мекенде жаңа нысандардың ашылуына себепші болуда. Айталық, былтыр Ершов ауылында дәл осындай спорт алаңы ашылған болатын. Оған "Ершовское-2" ЖШС демеушілік еткен еді. Енді, міне, Троебрат ауылында Әмбебап спорттық және балалар ойын алаңы пайдалануға беріліп отыр. Алаң ауданы 1220 шаршы метрге жетеді. Бұл шараға аудан әкімінің орынбасары Б.Мұхамедияров және ауыл тұрғындары мен қонақтар қатысты. Жаңа нысанның керме жібін қиған аудан әкімінің орынбасары өз құттықтау сөзінде жастардың спортта жетістікке жетуіне бұл алаңның септігін тигізерін, бұған әр тұрғынның ұқыппен қарау керектігін сөз етті.
«Samruk – KazynaTrust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қоры жаңа алаңның құрылысына 59 700 000 теңге бөлген. Мұнда футбол, хоккей, балалардың ойын алаңдары, жаттығу зоналары бар. Барлық құрылғылар заман талабына сай, үр жаңа. Торебраттықтардың қуанышында шек жоқ.