Міндет бәріне ортақ
Облыстың алғашқы тоқсандағы экономикалық-әлеуметтік дамуының қорытындысы жарияланды. Өңір басшысы Архимед Мұхамбетов жүктеген міндет толық орындалды. Бұл туралы облыс әкімдігінің аппараты мен аудан, қала әкімдері қатысқан селекторлық кеңесте мәлім болды. Жиында алдағы тоқсанның жоспары бекітілді.
-Біз бірінші тоқсанда жоспарлаған міндеттерге толық қол жеткіздік. Бұл кезеңде біз негізінде мемлекеттік сатып алу жұмыстарын жүргіздік. Қазір құрылыс, жөндеу жұмыстары қыза түсетін уақыт. Сондай-ақ, инвестиция тарту мәселесінде де жоғарғы көрсеткіштерге жетуіміз керек. Ірі өнеркәсіп ошақтарының алдында да ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Осының бәрін уақытылы орындауға тиіспіз, – деп атап көрсетті облыс әкімі.
Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Спанов барлық саланың көрсеткіштері туралы кеңіреп баяндап берді. Ол өз сөзінде негізгі каптиалға шаққандағы жеке өнім көлемін төмендетіп алған аудан басшыларына еркерту жасады. Алғашқы тоқсанда тек бес аудан ғана берілген тапсырманы асыра орындаған. Мәселен, Қамысты, Қарасу және Денисов аудандарында ет өндірісі құлдыраған. Таран ауданында да кемшін тұстар бар.
-Биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы бойынша нысандарды пайдалануға берудің кезекті жобасы жүзеге аспақ. Бүгінгі таңда Қостанайдағы спорттық-көңіл көтеру кешені ел игілігіне айналды. Үстіміздегі жылы Федоров ауданындағы Шаңдақ ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы жүргізіледі. Онда 1500 адамға дейін ем қабылдай алатын болады. Сонымен қатар, Лисаков, Арқалық және Жітіқара қаларында үш бала-бақшаның құрылысы аяқталды, – деді Ерлан Спанов.
Облыс әкімі аудан басшыларына ауылшаруашылық саласындағы көрсеткіштерге нақты назар аударуды тапсырды. «Мал шаруашылығы бойынша өсім бар, енді құс шаруашылығын дамыту мәселесін қарастыру керек. Жүктелген міндеттер орындалмаса, оған аудан әкімдері басымен жауап береді»,-деді селекторлық кеңесте А.Мұхамбетов.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.