Арнайы салық режімі қандай?
ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтардың салығы қалай және қандай көлемде төленетінін түсіндірді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бірыңғай жиынтық төлемінің мөлшері қала тұрғындары үшін айына бір айлық есептік көрсеткішті, ал ауыл тұрғындары үшін 0,3 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Төлем құрамына барлық әлеуметтік төлемдер кіреді. Соның ішінде жеке табыс салығы – 10 %, міндетті зейнетақы жарнасы – 40 %, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына – 10 %, медициналық сақтандыру жарнасы – 40 %. Шекті табыс мөлшері жылына 100 еселенген жалақының ең төменгі мөлшері, яғни айына – 235 теңге», – деді Т.Сүлейменов Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Министрдің айтуынша, бірыңғай жиынтық төлемін аударатындарды есеп беруге міндеттемейді. Тексерістер болмайды, әкімшілік жаза да қолданылмайды. «Бірыңғай жиынтық төлемі банктер мен терминалдар арқылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының есепшотына аударылады. Мемлекеттік корпорация одан ары тиісті қорларға өзі бөледі. Бірыңғай жиынтық төлемі жеке тұлғаның тіркеу орны бойынша төленеді. Салық кезеңі – бір ай», – деп атап көрсетті Т.Сүлейменов.
Айта кетейік, бүгінгі отырыста ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова арнайы салық режимі – бірыңғай жиынтық төлемінің енгізілетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, аталған жүйенің негізгі мақсаты – өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарды тіркеу шараларын жеңілдетіп, бейресми жұмыспен қамтылған xалықтың қызметін заңдастыру.