Бибігүл АҚҚОЖИНА: «Даму діңгегі руханияттан басталады»
12 сәуірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жарияланғанына жыл толады. Бағдарлама Қостанай облысында қаншалықты жүзеге асып жатыр? Жалпы, жалқы жобаның ұлтқа берері не? Жақында осы және басқа да сұрақтар төңірегінде облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы Бибігүл Аққожинамен әңгімелескен болатынбыз.
– Шынын айту керек, соңғы жылдары мемлекеттік бағдарламалар тым көбейіп кетті. Тіпті, халық олардың көбін ұмыта бастағандай. Біразы тек қағаз жүзінде іске асырылатындай көрінеді. Сіздіңше, «Рухани жаңғыру» науқаншыл жоба болып қалмай ма? Ел үшін қаншалықты маңызды қадам деп ойлайсыз?
– Кез-келген мемлекетте, әсіресе дамушы мемлекеттерде экономикалық, әлеуметтік, рухани реформалар болатыны заңдылық. Елбасы 1997 жылы 1 қазанда мемлекет дамуының 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған стратегиялық бағдарламасын қабылдады. Нақты деген 7 басымдықты атап көрсетті. 20 жыл өтсе де, біз сол басымдықтардың әлі де маңызды екеніне көз жеткіземіз. Тіпт, біз сол «Қазақстан-2030» стратегиясының негізгі индикаторлары бойынша тапсырмаларды орындадық. Негізі, елімізде қабылданған әр жоба бір-бірімен байланысып жатыр. Еске салсақ, біз айтқан бағдарламаның бірінші бағыты ішкі саясаттың орнықтылығы және қоғамның шоғырлануы болатын. Бірлік – қоғам мен мемлекеттің одан әрі дамуының кепілі. Бұл салада барша азаматтар үшін тең мүмкіндіктің және барлық этникалық топтар үшін тең құқықтың болуына кепілдік беру, ауқаттылар мен кедейлер арасындағы айырманы азайту, әлеуметтік мәселелерді шешу, саяси орнықтылық пен қоғамның шоғырлануын ұзақ мерзімге қамтамасыз ететін дәулетті Қазақстан мемлекетін орнату міндеті қойылды. Қазақ елінің басынан қаншама нәубет өтті. Сол қиындықтар ішкі бірлігіміз арқылы еңсерілді. Тәуелсіздік алған соң, жас ұрпаққа «біз қайдан келе жатырмыз?» және «қай бағытқа барамыз?» деген сұрақтардың жауабын түсіндіру. Елбасы 30 елдің қатарына ену мақсатын қойды. Міне, осы тұста біз өз барымызды сақтау міндеті алдыңғы қатарға шығады. Рухани жаңғыру да сол үшін қажет. Ішкі саяси тұрақтылықты бір дәрежеде ұстау – рухани жаңғырудың бір тетігі. Ол бұрынғы және болашақтағы жұмыстардың басын қосатын мемлекеттік құжат жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналмақ. Ұшы-қиыры кең қазақ даласында жаһандық ауқымдағы мәдени құндылықтар жетіп артылады. Ол әрине әлемге паш етуге тұрарлықтай. Бұл өз кезегінде Қазақстанның жаңа келбетін қалыптастырады. Жоғарыда айтқан 30 дамыған елге ену қадамы рухани байлық басталары хақ. Ол мәдени-тарихи құндылықтармен сабақтасады. Қоғамдық сананы жаңғырту – заман талабы. Өркениетті елдер қатарына қосылу үшін де маңызды. Қоғамға рухани серпіліс беріп, оны заман көшіне ілестіру ұлтын сүйіп, ұлт тағдырын өз тағдырымен байланыстыратын жүрегі ізгілікке толы әрбір азамат – аталған міндеттерді қуана қабылдап, оны іске асыру барысына жұмыла кіріседі деген ойдамыз. Бәсекелестік жеке адамға ғана емес, тұтас халыққа ортақ үрдіске айналғалы қашан. Қоғамды серпілтіп, ел болашағын айқындайтын аса құнды құжатта барша қазақстандықтардың арман-мұраты тоғысқандай.
– Бір атап өтерлігі, бастапқыда көпшілік арасында «Рухани жаңғыру не үшін қажет, қайсысының санасы тоқырауға ұшырады?» деген сұрақтар туындады. Тіпті, кез келген мәдени-бұқаралық іс-шара аталған бағдарламамен қабысты. Қарсы тарапқа не пікір айтасыз?
– Біріншіден, рухани жаңғыруды әркім өзінен бастауы тиіс. Ал, рухани жаңғырудың өзі тазалықта жатыр. «Мен мемлекет үшін не істедім?» деген сауалды әркім өзіне қоюы тиіс. Расында, қазіргі уақытта тұрғындар үшін қаншама мүмкіндіктер жасалды. Айналаңызға зер салып қараңызшы: өз ісін білмейтін мамандар, сапасыз істелген жұмыстар, қоқысқа айналған көшелер. Бұған кім кінәлі? Адам неге өзін дұрыс жолға салмайды? Неге мемлекетке жаны ашымайды? Осы сынды сұрақтарды жалғай беруге болады. Кейінгі ұрпаққа ауыз толтырып айтатындай нәрсе болмаса, жеткенің қайсы?! Бұл жерде біреуге үй салып бер немесе көлік мінгіз деп отырған жоқ қой. Білім алып, елге пайда тигіз, ағаш отырғызып, айналаны көркейтуге атсалыс. Елбасы прагматизм туралы айтты. Бүгінде отбасы құндылықтары төменге сырғып бара жатқан секілді. Ал бұл мәселе қай заманда болсын, қазақ халқы үшін биік тұғырынан түспеген. Отбасы байлығы ас та төк той жасау, шетелге қыдыру емес. Мысалы, бір ғана құдалық рәсімін алайықшы. Мұны көзкөргендер екі жақтың бір-бірімен танысып, қолдарынан келетін өнерлерін көрсету деп ұғындырды ғой. Құдаларға рухани байлықтың не екенін көрсету бірінші орында тұрды. Шығындалып той жасағанша, қонақтарды үйде қарсы алғанға не жетсін! Төріңді көрсетсең одан әрі сыйың артады. Ал қазір ше? Той біткен соң, сонда өнер көрсеткен әнші-әртістер мен асабаны еске алады. Оның орнына сол әулеттің өнерлі адамдарын неге шығармасқа? Кей жағдайда, келген құда-құдашалардың кім екенін ұмытып қалып жатады. Міне, прагматизм дегеніміз осы. Қазақта «ізбасар» деген түсінік бар, яғни, аға ұрпақтың жолын жалғастырушы буын тәрбиелеу. Жақында ғаламтор порталынан қыста сабаққа бару үшін 5 шақырым жаяу жүрген бала туралы репортаж оқыдым. Міне, білімге деген ынта! Өскелең ұрпақ осындай жағдайларға қарап бой түзесе дейсің.– Осы тұста БАҚ пен әлеуметтік желілердің ақпаратты беру тәсілі назар аудартады. Мәселен, сіз айтқан жаяу барған бала туралы әлеуметтік желілер басқаша таратты.
– Рас, тілші қауымының көбі ақпараттың түп негізіне мән бермей, сілтемесіз жариялап жатады. Ал әлеуметтік желілерде ақпараттың түзетіліп, екшелмейтіні анық. Мәселен, суицид тақырыбы. Кей кезде БАҚ өзіне қол салған адам туралы егжей-тегжейлі жазады. Ол кімге керек? Эксклюзив тапқаны бір бөлек, әлгі адамның отбасы мен жақындарына ауыр соққы жасағаны сыртта қалады. Меніңше, мұндай сипаттағы жаңалықты бергенде, оның атына кризистік орталықтың нөмірін қоса жолдау қажет. Себебі, әр адамның ақпаратты қабылдауы әр түрлі. БАҚ беттерінде зорлық-зомбылық фактілері де көбейді. Кез келген адам қауіпсіздік іздейді. Бұл дәлелденген нәрсе. Қауіпсіздікті отбасы, қала берді, мемлекет қамтамасыз етеді. Сол себепті, БАҚ өкілдері отбасындағы зорлық тақырыбындағы мақалаларды азайтса екен деймін. Жазылған екен, ақпараттың нақтылығына, түп негізіне үңілу қажет. Рухани жаңғырудың бір тетігі отбасы құндылықтарына дақ түсірмеу екенін білуіміз қажет.
– Бибігүл Бүркітқызы, рухани жаңғыруды дүниежүзілік өркениетке ілесу үшін жасалған серпіліс деп қарауға бола ма?
– Әр ғасырда идеологиялық құндылықтар өзгеріп отырады. Әлемдік мәдениет, руханят пен әлемдік геосаяси жүйелер біздің елімізге ықпалын тигізбей қоймайтыны анық. Былтыр біздің облыста 100-ден астам әлеуметтік нысан салынды немесе күрделі жөндеуден өтті. Кейкі батыр Көкембайұлының бас сүйегін жер қойнына тапсыру рәсімі тұтас ел үшін ерекше тарихи оқиға болды. Бұған қоса, Ыбырай Алтынсарин кесенесі жаңғыртылып, Жәнібек Қошқарұлының ескерткіші бой көтерді. Міне, бұл айтулы оқиғаларды біз көп күттік. Елбасының өзі атап өткендей, рухани жаңғыру кезең-кезеңімен атқарылып жатқан елдегі реформалардың жалғасы іспетті. Рас, бұл біздің қоғамға аса қажет дүние. Технологиялық жаңарумен шектеліп қоймай, адамның сана-сезімін қатар жетілдіруге мемлекет баса мән беріп отыр. Елбасы мақаласының мән-мазмұны осы төңіректе. Рухани жаңғыруды жүзеге асырудағы басым бағыттардың бірі – Қазақстанның киелі жерлерінің географиясын әзірлеу. Бұл, ең алдымен, рухани құндылықтарымызды жаңғыртумен қатар, елдегі туризм кластерін дамытуға зор әсерін тигізбек. Қазіргі таңда әр облыс өзінің киелі орындарының тізімін әзірлеп жатыр. Облыс орталығына Шақшақ Жәнібек батырдың ескерткіші салынды. Тархан ескерткішіне барып, баба ерлігін еске алып жүрген жастарды көресің бе? Шетелде мұндай қасиетті орындарға деген құрмет ерекше. Тағы бір белес – латын әліпбиі. Ресейлік сарапшы Николай Сванидзе қазақ тілінің латынға өтуін саяси шешім емес, прагматикалық шешім деп бағалапты. Оның айтуынша, бір жылдардан соң латын қарпіне көшу ең дұрыс шешім болғынына көз жетеді. Меніңше де солай. Бұған қоса, Қазақстандағы 100 жаңа есім туралы жоба шықты. Оған енген әркім елдің беткеұстары саналады. Сырт елге үлгі етерлік тұлғаларымыз да солар. Жас ұрпақ «100 есімге» қарап, бой түзейді. Қорыта айтқанда, ел деңгейінде қабылданған жүйелі жоспар, байыпты сараптама бізді ұзаққа апаратынына сенімдімін.
Сұхбатты жүргізген Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ,
Суретті түсірген Бердіболат Көркембаев.