Аймақтық бағдарлама құрылады
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов ескі жеделсатыларды жөндеуге арналған аймақтық бағдарлама құруды тапсырды. Бұл туралы облыс басшысының төрағалығымен Қостанай қаласын дамыту мәселелеріне арналған кеңесте қозғалды. Жиында Қостанай қаласындағы Қоғамдық қадағалау комиссияларының координациялық кеңесінің төрағасы Татьяна Земляная ескірген лифттерді жөндеу бойынша қиындықтар туындап жатқанын мәлімдеді. – Біздің координациялық кеңес қадағалайтын көпқабатты үйлердегі жеделсатылар әбден ескірді. Тіпті 25 жыл бұрын пайдалануға берілген лифтілерді қолданып келеміз. Кейбірі пайдалануға мүлдем жарамсыз. Енді оларды жөндеуге көмек берсеңіздер екен. Бұл тұрғындардың өтініші, – деді Т.Земляная.Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыповтың айтуынша, қазіргі уақытта қала бюджетінен лифт ауыстыруға қаржы бөлінбейді. Себебі, ол тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы бойынша іске асырылады. Өз кезегінде облыс әкімі ескі жеделсатыларды жөндеуге, ауыстыруға арналған аймақтық бағдарлама құруды тапсырды.– Жақында осындай тозығы жеткен жеделсатының кесірінен Ақтөбеде бір әйел қаза болды. Дәл мұндай жағдай біздің жақта да болмауына кім кепіл. Қостанайда 1960 жылдары пайдалануға берілген көпқабатты үйлер бар. Енді өздеріңіз есептей беріңіздер, олардағы жеделсатылардың тұрғанына қанша жыл? Қалада 272 лифт бар. Бұл соншалықты көп емес. Мысалы, Ресейдегі Щербинск зауытындағы лифттерді 5-8 млн теңгеге сатып алуға болады. Осыған байланысты бағдарлама құрып, депутаттардың келісімімен жөндеуге немесе ауыстыруға қаржы бөліңіздер, – деді Архимед Мұхамбетов. Облыс басшысы лифттерді жөндеуге арналған аймақтық бағдарламаны облыстағы басқа қалаларда да қабылдауды ұсынды.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.