Стандарт сақтала ма?
Қостанайда «Құжаттарды қабылдау және балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау» мемлекеттік қызмет стандарты бойынша құқықбұзушылықтар тіркелген. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаевтың қатысуымен өткен кеңейтілген жиында айтылды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің басқарма басшысы Гүлнар Шағырова айтқандай, білім беру мекемелері құжат қабылдау кезінде заңсыздықтарға жол береді.
– Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің бағдарламалары бойынша, білім беру ұйымдарына құжаттар қабылдаудың мемлекеттік стандарты бекітілген. Дегенмен, кей мекемелер құжаттардың қабылданғаны туралы хабарламаны 3-7 аралығында береді. Ал, стандартқа сәйкес, бұл 5 күннен аспауы тиіс. Негізі, облыста 500 мектеп бар, онда өткен жылы 18929 бала тіркелген. Тағы бір айта кетерлігі, «Білім туралы» Заңның 6-бабына сәйкес, кез келген кент, ауыл, ауылдық округ әкімі жергілікті елді мекенде мектеп болмаған жағдайда білім алушыларды жақын жердегі мектепке дейін және кері қарай тегін тасымалдауды ұйымдастырады. Әкімдер мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды есепке алады. Ал ата-аналар тегін тасымалдау туралы өтінішті жылына бір-ақ рет жазуы тиіс, – дейді Г.Шағырова.
Департамент жақында «Үйге қызмет көрсету» жобасын іске қосты. Бұл жоба аясында көп балалы аналарға, сондай-ақ, мүгедек балалардың ата-аналарына қызмет көрсету спектрі, соның ішінде жәрдемақылар, тікелей олардың үйлерінде көрсетіледі. Қазір аталған жоба Таран және Меңдіқара аудандарында жақсы жүзеге асып келеді. Гүлнар Шағырова мемлекеттік қызмет көрсету процестерін автоматтандыру туралы да сөз етті.
– Өткен жылы іске қосылған «Даму мед» ақпараттық жүйесі автоматтандырылған қызметтердің тізімін кеңейтуге мүмкіндік береді деп есептейміз. Атап айтқанда, «стационарлық науқастың медициналық картасынан көшірме беру» мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін электрондық форматқа ауыстыру ұсынылады. Бұл қызметті алу уақытын 60 минуттан 15 минутқа дейін қысқартуға, дәрігердің уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді, – деді басқарма басшысы.
2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыруды талдау және бағалау арнайы мониторингтік тобының басшысы Динара Өтебаева сараптама жұмыстарының нәтижесін жариялады. Оның айтуынша, облыстың барлық аудан-қаласында «жасырын сатып алушы» әдісімен зерттеу жүргізілді. Мұның мақсаты – мемлекеттік қызметтерді ұсынатын ұйымдарда сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен әкімшілік кедергілерді анықтау. Былтыр 177 мекемеде зерттеу жұмыстары жүргізіліп, 237 құқықбұзушылық анықталды.
– «Жасырын сатып алушы» әдісімен жүргізілген зерттеу нәтижесінде, наркологиялық және психоневрологиялық ұйымдардан анықтамалар беру кезінде өрескел заң бұзушылықтар анықталды. Мәселен, аталған ұйымдардағы анықтамалар өткен жылдың желтоқсан айының ортасынан бастап мемлекеттік корпорация және «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы тегін берілуі тиіс. Алайда, осы ұйым анықтама беруді ақылы негізде жалғастырып келген. Олар барлығы 7300 анықтама берген. Халықтан осы анықтамалар үшін 3,5 млн теңге алған. Аталған фактілер бойынша денсаулық сақтау басқармасына ақша қаражатын қайтару туралы ұсыныс жіберілді, – деді Д.Өтебаева.
Бүгінде көлік құралын басқару үшін берілетін анықтамалардың тәртібі өзгерген. Бірақ, емханалар бұл өзгертулерге мән бермей отыр. Мысалы, Қостанай қаласындағы №1, №3 емханалар тұрғындардан жеке куәлікпен қоса 3х4 фотосуретін сұратқан. Дегенмен, бұл заңға қайшы. Тұрғындар бар болғаны жеке куәлігін көрсетуі тиіс.
– Мұндай жағдайлар «Көктем-3» және «Жемчужина» медициналық орталықтарында да тіркелді. Бұған қоса қызметкерлер тұрғындардың мекенжай анықтамасын талап еткен. Сондай-ақ, Қостанай қаласының №1, 2, 3, 4 емханаларында электрондық кезек жоқ, келушілерге қызмет көрсету «тірі» кезек тәртібімен жүзеге асырылады. Мұны ретке келтіруді ұсынамыз, – дейді Динара Өтебаева мониторинг тобының жұмысын қорытындылап.