Ауылға кел, жас маман, білегіңді сыбанып!

Облыс әкімдігінің аппарат жиналысында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының Қостанай өңірінде жүзеге асу барысын талқылады. 2009-2017 жылдар аралығында бас-аяғы 4336 жас маман дипломмен ауылға барыпты. Жіктейтін болсақ, 3215 мұғалім, 702 дәрігер, 162 мәдениет қызметкері, 66 спортшы және агроөндірістік кешенге 139, әлеуметтік қамсыздандыру саласына 52 адам тартылған.   С дипломом в село нарушениеБұл туралы Қостанай облысы әкімдігінің Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Бақытбек Жомартұлы айтты.
Жоғарыда аталған мерзім ішінде Қостанай ауданына 519, Федоров ауданына 344, Таран ауданына 318, Аманкелді ауданына 315 жас маман келген. Аталмыш бағдарлама аясында облыс бойынша 243 жас қызметкерге баспана салуға немесе сатып алу үшін бюджеттік несие есебінен 874,1 млн теңге және тағы 276 маманға 46,5 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы берілген.
Биылғы қаржыландыру мәселесінде де өткен жылмен салыстырғанда өсім бар. Мәселен, 2018 жылы көтерме жәрдемақы 6,4 пайызға, бюджеттік несие құны 77 пайызға жеткен.
-Алайда, олқылықтар да жоқ емес. Арадағы келісім-шартты бұзған жастар көп. 2009-2017 жылдар ішінде Жітіқарада 43, Аманкелдіде 28, Әулиекөл мен Таран ауданында 25 адам ауылда еңбек етуден бас тартқан. Несие бойынша берешек мамандар Жанкелдин, Жітіқара, Науырзым, Алтынсарин аудандарында жетерлік,-дейді басқарма басшысы.
Баяндамашы сөзінен соң облыс әкімі Архимед Мұхамбетов аудан әкімдеріне бірқатар тапсырма жүктеді.
-Әуелі, жас маманның ауылда қалуын қамтамасыз етіңдер. Несие және жәрдемақы бермес бұрын, жақсылап жұмыс істеу керек, әйтпесе, мына көрсеткіштерің жарамайды. Келген адамның тең жартысы кетіп қала берсе не болмақ?! Сондықтан, бұл мәселені дереу қолға алып, үнемі мониторинг жасап отырыңдар,-деді өңір басшысы.
Сонымен қатар, Архимед Бегежанұлы бағдарлама аясында ауылшаруашылық саласына мамандарды көптеп тартуды тапсырды.
-Қостанай облысы арграрлы аймақ деп айтамыз, бірақ мәліметтерге қарасақ, 8 жыл ішінде 139 адам ғана агроөндірістік кешенге жұмысқа орналасқан. Сондықтан, жұмыстан қашпайтын жастарды осы салаға көптеп шақырыңдар. Денсаулық сақтау саласына да адам жетіспейді. Қазір барлық ауданда осы мәселе бірінші кезек тұр. Дереу жас дәрігерлерді тарту керек,-деді облыс әкімі.
Бұдан бөлек аппарат мәжілісінде сумен жабдықтау нысандарының санитарлық-техникалық жағдайы мен тұтынатын су сапасы туралы облыстық Қоғамдық денсаулықты қорғау департаменті басшысының қызметін атқарушы Владимир Нечитайлоның баяндамасы тыңдалды.
Ауыз су сапасының төмендігінен жаппай дертке шалдығу факторы екі мыңыншы жылдардың басында көптеп кездескен. Мәселен, 2001 жылы Арқалық қаласында 261 адам, 2003 жылы Әулиекөл ауданындағы Тимофеев ауылының өзінде 93 адам, 2007 жылы Меңдіқарада ауданында 63 адам ауырған. Владимир Семеновичтің айтуынша, қазір мұндай мәселелер жоқ, тек соның алдын алу үшін біраз жұмыс күтіп тұр.
-Мысалы, 2017 жылы су желілерінде 1034 апатты жағдай тіркелген, оның 877-і құбырдың тозуынан болып отыр. Сол себепті, біз облыс тұрғындары толықтай сапалы ауыз суға қол жеткізіп отыр деп айта алмаймыз, дегенмен сапаның негізгі көрсеткіштері республикадағыдан жоғары. Алдағы уақытта микробиологиялық бақылауды күшейту керек,-дейді В.Нечитайло.
Бұл мәселе бойынша облыс әкімі энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Алмат Исенбаевқа тапсырма берді.
Кенже ҚОНЫСБАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓