Елбасы бастамасы – ел игілі үшін
Өткен аптаның соңында Мәжіліс депутаттары Ирина Аронова, Бақытжан Ертаев, Гүлнар Бижанова, Нұрлан Әбдіров, Альберт Рау және Арман Қожахметов Рудный қаласы мен Қашар кентінде болып, сайлаушылармен кездесулер өткізді.
Жұмыс сапарының негізгі мақсаты – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасы мен оны жүзеге асыру механизмдерін халыққа түсіндіру.
Депутаттар Альберт Рау мен Ирина Аронова еліміздің ең ірі өнеркәсіп орындарының бірі – Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігіне қарасты Қашар кен басқармасына атбасын бұрды. Қонақтар алдымен алып Hitachi жүк көліктеріне маусымдық техникалық қызмет көрсетуге арналған жаңа пневмоангарда болды. Кәсіпорын басшысы Береке Мұхаметқалиев халық қалаулыларына ангардың артықшылықтарын атап өтті.
– Біріншіден, пневмоангар жаңа ғимарат салудан үш есе арзан түсті. Екіншіден, құрылысқа кемінде екі жыл уақыт кететін болса, ангарды орнатуға 20 күн жұмсалды. Үшіншіден, мұны кез келген жерге орнын ауыстыруға болады, – деді ол.
Қонақтар Қашар кенішінің көру алаңы мен «Ақылды кеніш» жобасының диспетчерлік орталығына да барып, кен алыбының алқымды жұмыстарымен танысты. «ССКӨБ» АҚ президенті Береке Сағатұлының айтуынша, кен басқармасында қызмет көрсетуші бөлімшелерді қоса есептегенде 3000-ға жуық адам еңбек етеді. Орташа жалақысы мөлшері 190 мың теңге. Өндірілетін кен қоры шамамен 50 жылға жетеді.
Одан кейін депутаттар кен басқармасының еңбек ұжымымен кездесіп, Президенттің бес әлеуметтік бастамасы жайлы мазмұнды әңгіме-дүкен құрды.
– Бүгінде Қашардағы «Ақылды кеніш» жобасы өзгелерден оқ бойы озық тұр. Кәсіпорын компьютерлік бағдарламалар арқылы алып техникалардың жұмысын бақылап, кеннің сапасын бұрғылау кезінде анықтап, өндіріс экономикасын еселей түсуде. Мамандарды қайта даярлауға да зор мән беріп отыр. Сондықтан «ССКӨБ» АҚ еліміздегі өзге де өндіріс ошақтарына үлгі боларлықтай, – дейді кеніштен алған әсірімен бөліскен мәжілісші Альберт Рау.
Ал халық қалаулылары Бақытжан Ертаев, Нұрлан Әбдіров пен Арман Қожахметов бастаған топ индустриялық институтының профессорлық-оқытушылар құрамымен және студенттерімен жүздесті. Онда Президенттің бес әлеуметтік бастамасының «Жоғары білімге қолжетімділік және оның сапасы» бағытындағы үшінші тармағына ерекше назар аударылды. Сондай-ақ үстіміздегі жылдың тамыз айында іске қосылатын ипотекалық несиелендірудің «7-20-25» бағдарламасы жөнінде де айтылды. Кездесуге қатысушылар айлық төлем, ипотекалық бағдарламаның екінші деңгейдегі банктер беретін сомасының мөлшеріне қатысты және басқа да сауалдар қойып, нақты жауап алды.
– Осы кездесуден Елбасының бес әлеуметтік бастамаларына қатысты көкейдегі барлық сұрақтарыма жауап алып, болашаққа деген сенімім нығая түсті. Мені, әсіресе, жаңа ипотекалық бағдарлама қызықтырды. Бәріміз білеміз, бүгінде баспана алу үшін банктерге барсаң, алған соммаңды 10 жылдың ішінде екі есе қайтаруың керек. Ал 7 пайыздық несие 25 жылдың өзінде екі еселенбейді. Бұл дегеніміз, айлық төлемақы үш есеге жуық азаяды деген сөз. Ендігі тілек, бюджеттің бөлген қаражаты шын мәнінде пәтерге зәру керек жандарға жетсе, өте жақсы бола еді, – дейді білім ордасының студенті Оңдасын Әлиев.
Басқосудан кейін депутаттарға инновациялық технологиялар зертхана, КНАУФ мамандандырылған сыныптары, геологиялық мұражай, электр қуаты мен жылу қуаты кафедрасының ғылыми-оқу құралдары да көрсетілді.
Бұл күні мәжілісмендер Гүлнар Бижанова мен Юрий Тимошенко да Рудный қалалық ауруханасына барып, заманауи медицина құралдарымен жабдықталған хирургиялық, реанимациялық және рентгенологиялық бөлімдерді аралады. Медицина қызметкерлеріне әлеуметтік бастамалардың маңызы жайлы тағы бір мәрте атап өтті.
Өз кезегінде медицина саласының мамандары Елбасының бес әлеуметтік бастамасы өздерін жігерлендіріп, жасампаздық істерге жетелей түскендігін баяндады.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ