Ең қатаң жазаға кесілді
6 наурыз күні Қостанайда бірнеше адамның қанын мойнына жүктеді деп айыпталған 31 жасар Денис Лесниковқа қатысты қылмыстық іске нүкте қойды. Сотталушыға ҚР ҚК 175, 121, 96, 324, 125, 120 баптарының бірқатар тармақтары бойынша айыптар тағылды.
Естеріңізде болса, былтырғы жылдың ең атышулы әрі шырмауы көп, құпиясы мол қандықол оқиға – 7 жасар Виктория Ганяның өлімі болатын. Көктем айында кеншілер қаласында із-түссіз жоғалған бүлдіршінді полиция өкілдерімен бірге еріктілер де жұмыла іздеген еді. Арада бір ай өткенде Рудныйдың сыртындағы құрылыс қирандыларының бірінен айуандықпен өлтірілген қыз баланың мүрдесі табылды. Алайда бұған кінәлі адам біраз уақыт бойы ұстатпай жүрді. Осы оқиғаны тергеу кезінде куәгерлердің сипаттауы бойынша бір ер азамат күдікті ретінде ұсталған еді, бірақ оның қылмысқа қатысы жоқтығы анықталған болатын. Ақыры күдікті ретінде Қостанай қаласының тұрғыны, бұрын сотталған Денис Лесников өткен жылдың 1 тамызынан бері қамауға алынды. Айтпақшы, сотталушы В.Ганядан басқа тағы үш адамды өлтірді және ұрлық жасады деп айыпталып отыр. Бұған дейінгі сот отырыстарының жабық түрде өтіп келгенін айта кету керек.
Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Денис Лесниковты өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы үкім кесті. Сотталушы қалған ғұмырын айрықша тәртіптегі колонияда өтейтін болады. Сонымен қатар, Лесников зардап шеккендерге материалдық және моральдық шығын ретінде 6,5 миллион теңге төлеуге міндетті.
Үкім барысында судья Лесниковтың жасаған қылмысы қауіпті саналатынын атап өтті. Айтпақшы, сот үкімі аяқталып, қамаққа әкетілгелі тұрған сотталушы жұлқынып, айдауылдарға бой бермей, айқайға басты. Полицейлерге, судьяға, прокурорларға бейәдеп сөздер айта бастаған Лесниковты залдан тез арада алып кеткеннен басқа амал қалған жоқ.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ