Сын көтермейтін бөгеттер бар
Өңірімізде 103 гидротехникалық құрылыс нысандары тіркелген. Олардың 7-і республикалық, 81-і коммуналдық, 15-і жеке меншік иелігінде. Алайда Алтынсарин, Әулиекөл, Аманкелді, Жанкелдин, Жітіқара, Қарасу, Қостанай, Науырзым аудандарының аумағында орналасқан коммуналдық меншікке қарайтын 28 бөгет мүшкіл күйде. Бұл жөнінде өңір әкіңмдігінің кеңейтілген мәжілісінде есеп берген облыстық табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Самат Қалиев баяндады. Басшы орынбасары аталған гидротехникалық құрылыстардың аса қауіп тудырып отырмағанын жеткізді.
– Қазіргі таңда біздің басқарма, Тобыл-Торғай бассейн инспекциясы, облыстық ТЖД мен аудандардың әкімдіктері өкілдерінен құралған комиссия тексеру жүргізудеміз. Жергілікті атқарушы билік су тасқынына қарсы шаралардың жоспарын әзірлеп, тәуліктік кезекшілікке көшті. Қажетті материалдар сақадай сай, – деді С.Қалиев.
Өткен жылы Жанкелдин ауданындағы «Телқара» бөгеті күрделі жөндеуден өткізілген, Қостанай ауданындағы «Шыңсай» тоғанын күрделі жөндеу жобалық-сметалық құжаты әзірленген. Бұдан бөлек, Науырзым ауданындағы 6 гидротехникалық құрылыс нысанының заңдық құжаты әзірленіпті. Бөгет-тоғандарды мемлекеттік тіркеу жалғасып жатқанымен, әділет органының тіркеуіне алынбаған әлі 28 нысан бар.
– Биылғы жылы жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 317,7 млн теңге бөлініп отыр. Жітіқара аумағындағы Жоғарғы Шортанды, Төменгі Шортанды су бөгеттері мен Қостанай ауданындағы «Шыңсай» тоғанын күрделі жөндеу жоспарланған. Бұдан бөлек, Аманкелді ауданындағы «Машдвор» тоғаны мен Алтынсарин ауданы Докучаев селосының бөгеттерін күрделі жөндеу және Ұзынкөл ауылындағы бөгеттің ернеуін қалпына келтіру бойынша жобалық құжаттарға қаражат бөлінді, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Баяндамашы жобалық құжат әзірлеу жұмыстарына қаражатты әр аудан өз бюджетінен көтеру керек дейді. Мәселен, Жанкелдин өңірі соңғы үш жылда аудан қаражатымен үш бөгетке жөндеу жүргізіп алған. Ал биыл осы ауданның Шилі ауылындағы тоғанды күрделі жөндеуге әзірленген 4 млн теңгенің жобалық құжаты да жергілікті қаражаттан қаржыландырылып отыр. Сондай-ақ Науырзым ауданының әкімдігі екінші тоқсанда екі бөгетті күрделі жөндеу құжаттарын әзірлеуге 16,4 млн теңге бөлуді жоспарлап отыр екен. Биыл облыс бюджетінен Таран ауылындағы Әйет өзеніне бөгет қоршауының құрылыс жұмыстарына 116,4 млн теңге бөлінген.
Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов су деңгейі көтеріле қалған жағдайда бөгет-тоғандардың су өткізу-жіберуіне қауқарлы болуын қадағалауды, ал жоғарыдағы жағдайы сын көтермейтін гидротехникалық нысандары бар аудандардың басшыларына тасқынның алдын алуға айрықша әзірлікте отыруды тапсырды.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ