ШЫРҚА, ЖАС ДАРЫН!
27-30 наурыз аралығында Қостанай қаласындағы Балалар музыка мектебінде "Алтын микрофон-2018" ХVI Халықаралық ән байқауының облыстық іріктеу кезеңі өтті.
Бұл дәстүрлі байқау осы уақытқа дейін қаншама жас дарынның жұлдызын жағып берді. Бір кездердегі жеңімпаздар қазіргі таңда ел танитын әншілерге айналған. Әлемдік ән додаларынан жүлде суырып жүргендері де бар. Демек, осы байқау жас таланттарды анықтап қана қоймай, олардың шығармашылық дамуына талпыныс пен серпін береді…
Әдеткідей, бұл сазды сайысты облыстық мәдениет басқармасы және облыстық көркемөнерпаздар халық шығармашылығы ұйымдастырды. Екі кезеңге жіктелген байқауға ұзын саны 150 үміткер қатысты. Іріктеудің алғашқы күні жас ерекшеліктері бойынша кіші топта (5-9 жас) 34 қатысушы, орта буында (10-13 жас) 69 қатысушы, жоғары буында (14-17 жас) 25 қатысушы, 18-21 жас аралығында 22 вокалшы өнер көрсетті. Төрешілер шешімімен 64 үміткер іріктеліп алынды.
Айталық, кіші топта 1-орынды қостанайлық Полина Косенко жеңіп алса, ортаңғы буында Қостанай ауданы намысын қорғаған Камила Камаргина топ жарды. Жоғарғы топта қостанайлық Наргиз Ахмедова үздік атанды. 18-21 жас аралығындағы үміткерлер ішінде рудныйлық Мейірхан Назархановтың мүмкіндігі басым болды.