Тапшылық көпке бармайды

Қараша айында өңірде көмір жеткізу жағынан жоспарланған кестеден артта қалушылық байқалды. Сондықтан облыстың кейбір аудандарында тапшылыққа әкеп соқты. Теміржол тұйықтарында көмір аз мөлшерде, тіпті, кейбірінде болмай қалған еді. Мұндай дефицит жағдай Қостанай облысында ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде де болғанын айта кету керек.
Өңірлік коммуникация қызметінде осы мәселеге қатысты брифинг өткізген Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов жағдай қазір тұрақталып келе жатқанын жеткізді. Айтуынша, өткен айдағы тапшылықтың негізгі себебі вагондардың жетіспеушілігі, жөнелту станцияларындағы кідіріс.
– Аталған тапшылыққа байланысты 9 қарашада өңіріміздің әкімдігі ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен «ҚТЖ Жүк тасымалы» серіктестігіне хат жолдап, негізгі ірі жөнелту орындарынан облысымызға дейін кедергісіз көмір жеткізуді, қосымша вагондармен қамтамасыз етуге қол ұшын созуды сұраған болатын. Аймағымыздың 12 өңірінде көмір жөнелтетін 25 теміржол тұйығы жұмыс істейді. 29 қарашадағы жағдай бойынша аталған нүктелерде 16,4 мың тонна қатты отын бар. 26 қарашада аймағымызға 59 мың тоннаға жуық немесе 843 вагон көмір жеткізілді. Қазір көмір тапшылығы біртіндеп тұрақталып келеді, жергілікті атқарушы органдар жеткізушілермен бірлесіп саудалау орындарында белсенді жұмыс жүргізуде – жедел бригадалар құрылған. Қазір қара отын қатаң түрде белгілі бір мөлшерде (бір қолға 5 тоннаға дейін) сатылып жатыр. Желтоқсан айында шамамен 64,5 мың тонна немесе 907 ашық вагон жеткізу жоспарланып отыр. Ал айдың екінші жартысында жағдай толық тұрақталады, – деді Ғ.Нұрмұхамбетов.  ⠀
Облыс әкімінің бірінші орынбасары таратқан мәліметке сай, теміржол тұйықтарындағы көмір маркаларының орташа бағалары келесідей: Богатырь – 12 мың, Майкөбен – 13,4 мың, Қаражыра – 16 мың, Шұбаркөл – 16,5 мың теңгеден.
Суреттер интернеттен алынды.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓