Құрылыс жұмыстары еселене түспек
Соңғы он жылда халықты тұрғын үймен қамту 30% артқан. Республикада әр тұрғынға шаққандағы баспана 21,6, ал біздің облысымызда 21,8 шаршы метрге жеткен. Биыл өңірімізде 269 мың м2 тұрғын үй салу жоспарда бар, бірақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылғы (264,7 мың м2) көрсеткіштен асып түсу үшін үстіміздегі жылы оның көлемін 280 мың шаршы метрге жеткізу міндеті тұр.
Аймақтық әкімдікте өткен кеңейтілген жиында облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Талғат Болатов осылай деді. Айтуынша, өткен жылы Қостанай өңірі баспанамен қамту жағынан республикада үшінші орынға шыққан. Былтыр аймағымызда 2164 пәтер мен 482 жеке үй салынып, пайдалануға беріліпті. Ал жалпы, тұрғын үй құрылысын қаржыландыру 2016 жылға қарағанда, 4,8 есеге өсіп, 11,5 млрд теңгені құраған.
– Биыл тұрғын үй құрылысы мен инженерлік коммуникация тарту жұмыстарына бюджеттің барлық деңгейі бойынша 22,4 млрд теңге бөлініп отыр. Тұрғын үй жинақтау жүйесі арқылы баснана құрылысын несиелеуге республика бойынша 134,5 млрд теңге қарастырылған болса, оның 12,8 млрд теңгесі біздің облысымызға тиесілі. Инвестициялар және даму министрлігіне құны 2,2 млрд теңгені құрайтын қосымша 6 жобаны қаржыландыру өтінімі жолданып отыр. Биыл 85,5 мың шаршы метрлік 22 несиелік тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Бұған қоса, жалпы аумағы 64,3 мың шаршы метр болатын тағы 10 көп қабатты үйдің құрылысы басталды, – деді Т.Болатов.Биыл Қостанайдағы «Әуежай» шағын ауданындағы құрылыс аяқталып, «Юбилейный» шағын ауданының жұмысы жалғаса береді. Облыс орталығында «Береке», Затоболда «Астана», Мичуринде «Бәйтерек» шағын аудандары мен Рудныйда көпқабатты үйлер салуға бағытталған 21 жоба қаралу үстінде. Басқарма басшысы баспанаға мұқтаж азаматтардың барлығын қамту мүмкін болмай отырғанын жеткізді. Жыл басында арендалық пәтер кезегінде тұрғандар саны 24,6 мың адамға жеткен. Оның жартысынан көбі әлеуметтік аз қамтылған азаматтар. Ал жер телімі кезегінде тұрғандар күн санап өсіп барады – былтыр жыл басында 17,5 мың болса, қазір 30 мыңға жетіп жығылды.
– Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында мемлекетіміз бойынша 24 млрд теңге жеңілдетілген несие қаражаты бөлініп отыр. Сол себепті жыл аяғына дейін 1,3 мың, соның ішінде былтыр үлестіріліп үлгермеген 317 несиелік пәтерді пайдалануға беруді аяқтау керек. Мемлекет басшысының Бес әлеуметтік бастамасының «7-20-25» бағыты бойынша Ұлттық банк ипотекалық тұрғын үйге қолжетімділікті арттыруға бағытталған бағдарламаны әзірлеуге кірісіп кетті, – деді баяндамашы.
Еліміздегі құрылыс жұмыстары экономикамыздың көшбасшы саласы екенін еске салған аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов бұл науқанға барлық аудан-қалаларды түгел қатысуға шақырды. Қажет болса, жазғы демалыстың бірнеше айында студенттерді заң жүзінде еңбекақысын төлеп, жұмысқа тартуға болады. Ең бастысы, жоспардағы шаруаның барлығын дер кезінде, сапалы аяқтауын тапсырды.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ