Жаңа элеватор кешені ашылды
Бүгін өңірде аса бір стратегиялық-қаржылық жобаның тұсауы кесілді. Таран ауданындағы Тобол поселкесінде «Olzha Storage» ЖШС-нің элеватор кешені өз жұмысын бастап кетті.
Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының аясында дүниеге келген элеватордың ашылу салтанатына облыс әкімі Нұралы Садуақасов қатысып, ұжымға жылы лебізін білдірді.
–Көптен күткен тамаша жобаның іске асқандығына барлығымыз разымыз. Естеріңізде болса, 2011 жылы бітік шыққан астықты сақтайтын элеватор кешеніне тапшылық сезілген еді. Енді бүгін соның алдын алып, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу үдесінен шығып, Тобыл поселкесінде қазіргі заманға лайық элеватор кешені жұмыс істеуде,- деп, өңір басшысы салтанатты шараға жиналған ұжымға, диқандарға игі тілегін жеткізіп, астық қабылдайтын орынды аралап, участка басшысымен пікірлесті. Содан соң бидайдың сапасын анықтайтын лабораторияға келіп, мұндағы жағдаймен танысты.
«Olzha Storage» ЖШС жобасының басшысы Едірес Смайловтың айтуынша, бұл жобаның құрылысы 2013 жылы бастау алып, жалпы 1 млрд 679,6 млн теңге қаржы жұмсалған. Қаржы көзі «КазАгроФинанс» АҚ-нан бөлініпті. Қазір жылына 40 мың тоннаға жақын астықты қабылдауға элеватордың қауқары жетеді. Жобалық қуаты сол шамаға жеткен шақта 44-ке жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
2020 жылдарға қарай аталған кешен жобалық қуаты 100 мың тоннаға жететін астықты қабылдауға жоспар қоюда.
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.
Суреттерді түсірген автор.