Жауапкершілік – бәрінен жоғары
Облыста «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы қарқынды жүзеге асып жатыр. Индустриаландыру картасының арқасында бірқатар жаңа өндіріс ошақтары ашылды. Мұның сыртында, құрылыс саласы ілгерілей бастады. Бұл халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге едәуір септігін тигізеді. Дегенмен, жергілікті жерлерде бұл мәселеге аса мән берілмейтіндігі – басы ашық ақиқат. Мұны облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың өзі айтып отыр.
-Бұған төзу мүмкін емес. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы қыруар қаржы бөлінеді. Ендеше, осыны тиімді жұмсау маңызды. Ең бірінші, халыққа жұмыс тауып беруіміз керек. Ал біздегі жағдай керісінше. Кейбіреулер көзбояушылыққа салынады. Құрылыс нысандарын аралаған кезде осынша адам жұмысқа тұрғызылды дейді. Артынша сол жерге тексерушілерді жіберсем, екі немесе үш адамның жұмыстан қысқартылғанын естимін. Мұны доғару керек!
Өңір басшысы жиын барысында өз істеріне немқұрайлы қарайтын мердігерлерді қатты сынға алды. Аудан басшыларына да жауапкершіліктен құтылмайтындығын айтты.
-Үстіміздегі жылы пайдалануға берілуге тиісті алты құрылыс нысаны әлі күнге дейін аяқталған жоқ. Оларға бөлінген ақша да аз емес. Мәселен, Қамысты, Алтынсарин, Қарабалық аудандарындағы бірқатар мәдениет, білім ошақтарының құрылыс жұмыстары белгіленген кестеден көп қалып қойған,-дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнар Әбенова.
Облыс басшысы мемлекет әлеуметтік саланы дамытуға қаржы аямай отырғанда, істі жүргізуге бұлай немқұрайлы қарауға жол бермеу керектігін баса айтты.
– Отыз жылдан бері алғаш рет осынша қаржы бөлінгенде, оны мақсатты жұмсай алмай отырғанымыз ұят. Құрылыс нысандарының күн сайын барып, бақылап тұру қажет. Әйтпесе, жұмыс ілгерілемейді,-деп ескертті облыс әкімі аудан басшыларына. -Бұған бәріңіз де жауаптысыздар. Егер осындай жағдай орын алып жатса, онда тиісті жазаға тартатын боламыз.
Архимед Мұхамбетов бірнеше аудан әкімдерін орындарынан тұрғызды. Олардың сөздерінше, бар кінә тендерді жеңіп алған жауапсыз мердігерлердің өздерінде көрінеді.
– Бізде жол жөндеуге қатысты өткен тендерді шымкенттік фирма жеңіп алған. Солармен келісім-шартқа отырдық. Бірақ, әлгі фирма өкілдері ауданға бірде-бір рет ат ізін салған емес. Сондықтан, қайтадан тендер жарияладық,-дейді Қарабалық ауданының әкімі Қанат Ғабдуллин. Қамысты ауданының әкімі Жаңабай Бейсембаев та осы тақылеттес жағдайды баяндады.
– Бұлай әрекет етуге болмайды. Нарықтан өзге бәсекелестерін ығыстырып шығарған қайдағы бір компания келеді де, ойына келгенін істейді. Бұдан олардың түгі кетпейді. Екі ортада жауап беретін Сіздер. Сондықтан, ертерек қимылдаған жөн,-деп ескертті А.Мұхамбетов.
Облыс басшысы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес бөлінген қаржының игерілуін тікелей өзі қадағалайтынын айтты.
Әлібек ЫБЫРАЙ